Бас бет » 1995-2009 жылдар, Өлеңдері

Дана сөз айта алмайтын бiр келелi…

Дана сөз айта алмайтын бiр келелi
бiз де бiр бәндәдаймыз «түрмедегi»‚
Үй‚ жұмыс‚ бала-шаға‚ шаруа‚ тiрлiк…
адамға осы ма едi шын керегi?
Солардың құрсауынан шықпай қарыс‚
талабың тауға талпыр күнде өледi.
«Ертеңмен» есесiне күндi өткiзiп‚
дүнияның алады естi дүрбелеңi.
Ермегiң — күнде оқитын газет-жорнал‚
теленiң ми қайнатар мың дерегi.
Жылтыңдап жер-жаһаннан жеткен хабар
бiздерге болдыртпайды бiрдеменi.
Қол сiлтеу барлығына тым қолайсыз‚
қақпақ көп‚ — келе жатсаң үндегелi.
Заманның ыңғайына көнiп сосын‚
көршiңе құлақ түрiп iргедегi‚
жатқаның кетек үйде керiскiдей боп‚
медеу боп жанға қызмет құр беделi.
Апырмай‚ күн бар ма екен шығар бұдан?
Соншама маңызды ма кiм не дедi?
Кеттiк пе қара бастың қамын күйттеп‚
қиналтпай ел-халқыңның құм жегенi?
Қалайша пайғамбардың қалпын бермек
сурет боп кiрген үйге сұм бедерi?
Жасап ап бұ жамиғат қолдан құдай‚
бұ қалай шын құдайды тiлдегенi?
Сен бiр сөз айта алдың ба соған қарсы‚
сона боп тым құрымаса шiлдедегi?
Әлде жөн ескi әдетпен ауыз баққан‚
заманның деумен оны құмы көмедi?
Сол құмды тастап талай шықты залым‚
қалпы бар жұртты iзiнен жүр дегелi.
Ду дүния болды кәзiр астан-кестен‚
бақты — бай‚ қу дозақты құл көредi.
Сұңғыла соны өзгертем деген тозды‚
алаштың азып-тозды мүлде өренi.
Бiр сәуле сездiрмейдi тастай түрме‚
қолайсыз қысқа жiптiң күрмегенi.
Шамасы‚ замана әр кез болмақ солай‚
жақсылық бiрде тiрiлiп‚ бiрде өледi.
Ақылы Апылатындай болса дағы‚
бұлжымас мәңгi үлгiнi кiм бередi?
Сонда да тас түрмеге көнбей қиял‚
күнiне шыңға шырқап үлгередi.
Кету жоқ одан әрi. Қайта келiп
қоразша ол қоқиланған түрге енедi.
Бүгiнгi қалпым осы қалжыраған‚
билажбын‚ — тiлде уақытты‚ тiлде менi.
Дүнияның тар шеңберi шектеумен тұр‚
күпсiген қалта керiп мың неменi.
Адамзат‚ ақырың осы. Әуре болма‚
түрменiң болмақ «отыр‚ тұр» дегенi…
 

03.08.2005

651 қаралды