Бас бет » 1995-2009 жылдар, Өлеңдері

Саинда жүрген сайқал қыз…

Саинда жүрген сайқал қыз‚
найқала қалдың несiне?
Халыңды кейiн байқармыз‚
кездессең кесел иесiне.
Әзiрге арлап жүре бер‚
қорлаумен Хауа Ананы.
Көбiрек берсе кiм егер‚
сен — кәзiр соның тауары.
Жаныңды жалдап сол үшiн‚
оранып үлде-бүлдеге‚
жампоздың жайлар қонысын
талатып маса‚ бүргеге‚
аяусыз әсем анарды
мәңгүртке мәнсiз мыжғылатып‚
кергендей кенеп қанарды
жортақтап жорта‚ дыз-дыз атып‚
бетiңдi кепкен қара сұр
он қабат етiп опалатып‚
сүрменi қасқа саласың;
көзiңдi жорта боталатып‚
телмiрiп қыртқа тұрғаның‚
тұрғаның тауар сатам деп.
қазақтың құдай ұрғаны
келмекшi ләззәт татам деп.
Не дерсiң ондай жаранға
iздеген қасиет қанардан.
Әзәлда серiк боп Адамға
Хауа Ана едi-ау жаралған!
Ұрпақ-ты — оның мiндетi‚
нәпсiнiң буы жоқ-ты онда.
Өзгермесе елдiң бұл бетi‚
ол болмақ душар оқпанға.
Бұ жерде жауды төндiрiп
тұрғам жоқ‚ күнә — қиын iс.
Қалай алған сенi көндiрiп‚
iзерттескен iзден Iбiлiс?
Ойла да соны‚ сайқал қыз‚
айғыр мен бие-байталсыз‚
перiште менен шайтансыз
ылди мен зәулiм‚ ойпаңсыз
болса да қиын бұ тiрлiк‚
зинаны көрiп лайықты-ақ‚
тiрлiктi бекер айтыптап
сөз айтпа‚ маған‚ күпiрлiк.
 

22.08.2005

618 қаралды