Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Тiрлiгiнде талай жерге тыртысқан…

Тiрлiгiнде талай жерге тыртысқан,
о дүниялық болды бүгiн бiр дұшпан.
Теңiз едi ойындағы арамдық,
жасағаны кiлең ғана жамандық.
Басу үшiн iшiндегi күйiгiн,
баспалдақ қып басқалардың иығын,
талай жерге Тарзан болып секiрдi,
таққа қонды, қызмет алды, жетiлдi.
Жолы бiрақ батпақ едi ұстанған,
шiп-шикi едi кеудесiнде пiскен нан.
Iштен шалу о пақырға арман-ды,
менiң дағы аяғымнан шалған-ды.
қарап жүрдiм басына оның мен бiрақ,
назар салу аяғына болды жат.
Сүйтiп жүрiп бiрде ұтылып шыққаным,
сол арқылы, дедiм, оны ұтқаным.
Ендi мiне… оқып шығып мен аят,
оны отырмын оңашада неге аяп?
Талай рет иген жоқ па ед басымды,
ағартпап па ед бұйра-бұйра шашымды?
Соның бәрiн мен отырмын кешiрiп.
Бiрақ еткен жамандықтың несi ұмыт?
Жақсылықты ұмытпайды неге адам,
жамандықты кiм ұмыт деп қадаған?
Сыры мұның — ұмытылмаса жамандық,
бұ дүнияда болмайды екен адамдық.
Содан болар, дiн ислам адамы
қасымаған жанды жейтiн жараны.
Ол бершiмек, қарақотыр болғанша
үндемеген, ашпай iшiн елге онша.
Мен де соны ендi отырмын ұстанып,
бiр жарақат жатқан сынды iште анық.
Әлi отырмын, күпiрлiкке санама,
аят оқып iште жатқан жарама…
 

27.05.1993

609 қаралды