Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Қырықтан астық бiз де, әй, Жақсыбай…

Қырықтан астық бiз де, әй, Жақсыбай,
жағдайды жүргенiмiз жәйлап сұрай.
Болғанбыз бiз де бала, отырсақ та
жаныған тiл — пышақты қайрақшыдай.
 

Жас едiк. Қайтып келер қайда о заман?
Замана кейде қалық, кейде озаған.
Мектепке мен «Сотыйдан» қатынаушы ем,
сен болсаң, қатынушы ең Байқожадан.
 

Жүрушi ек демей қинап жанды кәйтем,
тәртiп те емес едi қарғыдай кең.
Сары ала тонға айналар болашақта
сондағы қайда кәзiр сары күпәйкең?
 

Ол қайда? Аяз билер қалас бүгiн?
Қажының ұрпағымен таласты кiм?
Шаққанда сен есептi шемiшкеше,
қыз-қырқын ұғатын-ды мәгәстығын.
 

Сонда да сен саңлағың секiлденбей,
жүрушi ең кесапатсыз, кекiрленбей.
Шығарып аптасына бiр мақала,
жүрушi ең «Пионердiң» бетiн бермей!
 

О кезде темiр жолдың баласы ек бiр,
қой көзiң қанжар едi-ау қарасы өткiр.
Шашылған тарыдай боп көрiнетiн
шашылған боз бетiңе қара сепкiл.
 

Қыздарға болушы едi-ау сол да мазақ,
жатқан-ды сол сепкiлде зор болашақ.
Мазақтай ендi сенi алар ма екен,
сол қыздар қу тiрлiктен көргенi азап?
 

Кiм бiлген? Мүлдем жөндi жүдә бұзбан.
Жүрушi қашып сенi құлауыздан,
пiрге қол тапсырғандай Қармақшы елi,
сайлапты әкiм қылып бiр ауыздан.
 

Кең кеңсе. Жұрт есiктi тұр бақылап,
келедi мұнда ақылды, мұнда ақымақ.
Бүгiнде… мектебiңе бес шақырым
оқиды бiздей болып кiм қатынап?
 

Со кездiң бар ма қалпын ұққан бүгiн?
Сол кезде-ақ сезiлген-дi сырттандығың.
Бүгiнде отырғаның өзiңдi емес,
ойлаумен жайы қашқан жұрт тағдырын.
 

Сен алар Сырдың жыры — басты қайнар,
құлады кеше болған тас құдайлар.
Дегенмен жаманбайлар жетiп жатыр,
өмiрде аз әлi де жақсыбайлар.
 

Сондықтан қалмай бiрден сынып, мойып,
құпиясын қу тiрлiктiң бiлiп, тойып,
жүргейсiң Аязша бише күпәйкеңдi
кеңсеңнiң маңдайына iлiп қойып…
 

16.05.1993

610 қаралды