Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Тәжiк дост, есiңде ме Ұзынағаш…

Тәжiк дост, есiңде ме Ұзынағаш?
Кәпiрдiң қырты да мас, қызы да мас.
Қос көзiн комсомолдың бақырайтып,
бiр қылуа жасаған ек бiз ұнамас.
Болған-ды соған куә Ұзынағаш.
 

Сен сонда көздерiңде жасыл ойнап
сөйледiң. Қалды қыздың қасы жайнап.
Күнi бойы бiр көргенсiз қақылдады,
паһ, шiркiн, сатылатын насыбайлап!
 

Отауға бiрде, жұртты жорта алдаған,
ешкiше бiрдi бiреу шолтаңдаған.
Қосақтап «коньякты» «ар-ұятқа»,
ешкiден едiм өзiм қорқа алмаған.
 

Бiз сонда жуаннан да жасқанбадық,
демеймiз ду үстiнде босқа арладық.
Бiр тептiң қара жердi, түрiкмен атпен
Инара Рояны қашқанда алып!
 

Қайнатар жiгiт қанын, мiне, себеп!
Намысты қыздырды ашу мың еселеп!
Хафизды тұрсақ ойлап, өзбек шайыр
Атаяр жүр «қайдасың күречелеп».
 

Ертесiн… ен жайлауға жер шегiндей
тарттық бiз. Желше күлмей, желше жүрмей,
хохол қыз жырлар жазбақ, — қысыр қаламы
кемпiрдiң иiмейдi емшегiндей.
 

Жүретiн жасандысын жария ғып
дарақы болады ма дариялық?
Тәшкеннiң тапқа пiскен алхорындай
қызарды, көргенде оны ел ұялып.
 

Соңы оның? Өз қауымына наразы ұлға
аларды аразың да, сабазың да.
Сен болсаң, iздеп чәшмә, Шарқыға астың,
қайдағы Хорасанға, Хорәзмға.
 

Мен болсам, деп, таулардай құрсын талап,
Хафиздың қалдым орнын құр сипалап.
Шарқыға жәһил жақта жоқ ықылас,
данаңды тастауға әзiр бiр қиқалап.
 

Нос бермес насырани талабына
қуларың халифатқа қарады ма?
Исламның исiн сезбес исi мушриқ
мәз жаудың жолағанға жанабына.
 

Сол жайлы айтсаң… жақпақ сойың батпақ,
сабамақ, сартылдатып сойылдатпақ.
Шарқының шын назымы шет боп бiзге,
жел сөздi жүргенiмiз қойыртпақтап…
 

Сол бiр кез… шайыр едiк қызық, оғаш,
деушi едiк, ескi өлеңдi бұзып, адас.
Шегелеп жынды шақты шалғайынан,
қазық боп қағылды, әттең, ұзын ағаш…
 

Тәжiк дост, әлi есiмде Ұзынағаш.
 

16.05.1993

549 қаралды