Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Ардақтаймыз айтқандарды шындықты…

Ардақтаймыз айтқандарды шындықты,
шынында да, болар ма екен бұл мықты?
Айта салу көргенiңдi көргендей
болмайды ма бастыққа есеп бергендей?
өзiмiздi шыншылмыз деп жиi алдап,
ойлануды оңдырмадық қиялдап.
Сол қиялға ерiк бере отырып,
айтып көршi, бiр тамаша өтiрiк?
Оны табу, шындығында, қиын-ды,
қатырасың отқа қақтап миыңды.
Жалғаныңды ашпауы үшiн жұрт бүгiн
қозғайсың сол мидың барлық жықпылын.
Бiр жалғанның табу үшiн жабуын
керек оған он өтiрiк табуың.
Адам бiрақ пiл сықылды ерiншек,
қорқады iштей құр қиялға берiлсе.
Ерiншектiк айтқызады шындықты,
көрсетедi ол қиялы жоқ тiрлiктi.
Шынын айтсаң, түк ойланып жатпайсың,
көргенiңдi жамандайсың, мақтайсың.
Жұмысы жоқ қатып-семер миың да,
сүйте берсең, милау болу қиын ба?
Жақсы өтiрiк шын қиялдың емiндей,
тура шындық су iшпеген кебiрдей.
Өтiрiктi қоса бiлсең шындыққа,
айқын бiрден: кiмдер әлсiз, кiм мықты, ә?
Өтiрiкке малсаң шындық сирағын, —
шын алтынды қапшығымен жиғаның.
Жаман шынды тыңдағанша құмартып,
қанат кеспес жақсы өтiрiк мың артық.
Сол шындықты айтамын деп сан рет
қалдым талай сыбағамнан әрiрек.
Талай достым өкпесiнен қабынды,
кеуiл сынды, бас қарбызша жарылды.
Бәрi бекер. Ендi ойлана отырып,
айтқым кеп жүр бiр жап-жақсы өтiрiк…
 

10.06.1993

592 қаралды