Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Бiр кезде болмайтұғын шын амалың…

Бiр кезде болмайтұғын шын амалың,
таптары, қарсы шықсаң, жүдә мәлiм,
халқыңның қорлап басын қанша заман,
боздақтың босқа деген жылағанын,
жерiңдi жайқын жатқан жайлау етiп,
қоймайтын алмай қанша сұрағанын,
дананың түптен тiлiн қырқып тастап,
ететiн басы озықты бiрәдәрың,
итерiп исламды керi қарай,
қоймастан кежiрленiп сынағанын,
халқымды шоқындыру боп арманы,
ез қылып ерлерiмнiң шыдағанын,
басқаға бар байлықты бөлiп берiп,
бастаған боз далада жүдә лаңын,
тiлiмдi тiл емес деп, теуiп сыртқа,
ұқсатқан iске ойына ұнағанын,
муслимдi кәпiр ету боп мақсаты,
кергiген сықылданып «құдаларым»,
сақауды сардар көрiп, көсем етiп,
көрсеткен кеуiлiнiң шын арамын,
жазудан араб әрпiн алып тастап,
бiздi еткен дiн бiлмейтiн шын оданың,
асты-үстiн боз даланың талап, тонап,
елiмнiң ез деп бiлiп шыдағанын,
төбеде көп секiрген падышалықтың
кiм көрген кенет… қолдан құлағанын?!
Бiз көрдiк соны бүгiн болып куә,
тарихтың тағы байқап бiр орамын.
Байқасаң, бұл мың жылда болатын iс,
Фарсистан, Ұрым, Шыңғыс… ғұламаның
iзерттеген дәуiрiндей бұ да заман,
жұрт састы, бiлмей мұны құп аларын.
Мұндайды көрген де бар, көрмеген де,
жампоздың көрдiк жұртта жылағанын.
Кәрәмәт көктен түскен болды ол бiзге,
кеуiлдiң кiм көрiптi тына аларын?
Игi едi болса мұның арты қайыр,
қожайын болмақ қалған мұраға кiм?
Алды орап алаяқтар кетпесе едi,
қолды ғып халықтың бар құрағанын.
Бiр күдiк, бiр қуаныш бар кеуiлде,
муслимнiң тұрғанда айтып ұран әнiн.
Шаншылды шаңырағыма ұстын уық,
ерте өткен арманы боп мың ағаның.
Етейiк осыған да шүкiрана,
тарихтың тастап артқа бiр орамын…
 

декабрь, 1991

649 қаралды