Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Алаштан асырып айласын…

Алаштан асырып айласын,
тобырдан тапқан тайласын,
ойлаған бүгiн тұр озып,
бодаусыз бастың пайдасын.
 

Сарайдай сезiп кетегiн,
жүретiн мәңгүрт, мекерiң,
алаңның бiлмей не екенiн,
атып-ақ жатыр жай, жасын.
 

Жем салған құмар дорбаға,
құлдық қып қызыл колбаға,
жалған шаһ шықты шоңдана, —
сұмпайы деген сайрасын.
 

Халық үшiн кәзiр өлердей,
дұшманға кәрiн төгердей,
кеңiрдегiн жұлып берердей,
ел, дейдi ол, жолдан таймасын.
 

Жүрмейдi жалған жасанбай,
құпияның бетiн ашардай,
құнжияды осы қашанғы-әй,
болар ма асқар майда шың?
 

Қыздырып қулық шекесiн,
қапияда тапқан көкесiн
қуларға ендi не етесiң, —
дейсiң бе бәтуә пайласын?
 

Iстейтiн оған жоқ амал,
қалпына көнген бола қал,
ондайды iштей он орал, —
де дағы биiкке сайласын.
 

Оралы оңған ол бала,
бола алмас сардар сонда да.
Бегiм-ау, бос сөз толғама,
келтiрiп сөздiң жәй нәшiн…
 

Күз, 1989

1 739 қаралды