Бас бет » Аудармалары

Антон Чехов. Жуан мен жіңішке

Бiрде Николай темiржолының бiр вокзалында ескi таныстар кездесiп қалды: оның бiрi толық, бiрi арық едi. Жаңа ғана вокзалда тамақ iшiп алған толық кiсiнiң май жұғып қалған бет-аузы пiскен шиенiң сырты сияқты жылтырап тұр. Одан херес пен флердоранждың исi аңқиды. Ал вагоннан жаңа ғана түскен арық кiсiнiң арқасына асқан шамаданы, қолында түйiншектерi мен әлдеқандай бiр картондары бар едi. Одан шошқа етi мен кофенiң исi мүңкидi. Оның арт жағында иегi сопақша келген әйелi мен гимназияда оқитын, бойы сорайған, адамға көзiн сығырайтып қарайтын баласы сексиiп тұр.

— Порфирий! — дедi толық кiсi әлгi арық кiсiнi көрген бойда аң-таң қап. — Әй, мынау сенбiсiң өзi?!  Өз көзiме сенейiн бе, сенбейiн бе осы? Арада қаншама заман өттi десейшi, а?

— Мәс-саған! — дедi арық кiсi таңғалып. — Миша! Баяғы бала кезде бiрге өскен Миша! Мұнда нағып жүрсiң?

Ескi таныстар үш рет шолпылдасып сүйiсiп, бiр бiрiнiң жүздерiне көздерiне жас ала қарасты. Мынадай ойда-жоқта кездесiп қалғандарына екеуi де таң-тамаша едi.

— Қадырданды достым! — дедi арық кiсi шолпылдасып болғасын.— Сенi мұнда кездестiрем деген ой түсiме де кiрiп көрiп пе? Таң-тамашамын! Кәне, өзiң былай тұршы, дұрыстап қарап алайын! Тура баяғыдай нағыз сылқымсың! Со кездiң өзiнде-ақ сәңқой едiң, кәзiрде солсың! Құдая тоба! Сен өзiң… қалай? Байып үлгердiң бе? Әйелiң бар ма? Мен болсам, әйел дегендi баяғыда-ақ алып үлгергенмiн. Мынау әйелiм. Аты Луиза, қыз кезiндегi пәмилесi Ванценбах… лютер дiнiнде… Ал мынау ұлым Нафанаил, үшiншi кластың оқушысы. Нафаняжан, мынау менiң бала кезгi достым. Баяғыда гимназияда бiрге оқығанбыз.

Нафанаил аз-кем ойланып тұрып, бас киiмiн қолына алды.

—Гимназияда бiрге оқығанбыз! — дедi арық кiсi сөзiн жалғастырып. — Есiңде бар ма, балалар сенi қалай мазақтайтын едi? Олар қазынаның кiтәпшасын папироспен өртегенiң үшiн сенi Герострат, тiлiнiң бiзi бар менi Эфиальт деп мазақтайтын едi-ау!  Ха-ха-ха! Бала екенбiз-ау! Кәне, Нафанаилжан, шошыма! Берi қарай жақында… кiсi жемейдi… Мынау әйелiм, қыз кезiндегi пәмилесi Ванценбах… лютершiл…

Нафанаил аз-кем ойланып тұрды да, кенет әкесiнiң артына жасырынды.

— Сонымен, достым, хал қалай? — дедi толық кiсi ескi танысына қуана қарап тұрып. — Қай жерде қызмет iстейсiң? Өстiң бе?

— Қызмет еткенде қандай! Кәзiр екiншi жыл, коллегияның асессорымын, Станислав өрдiнiн алып та үлгердiм. Дегенмен… айлық аздау… өлмешiнiң күнi… бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн дегендей… өзiмiзге жетiп жатыр! Әйелiм музыкадан сабақ бередi, өзiм ағаштан портсигарды қатырып жасаймын! Оның әр қайсысын бiр сомнан сатам! Оның онын бiрден алатын кiсi табылса,  амалсыз арзандатам. Сүйтiп, өмiр сүрiп жатырмыз дегендей. Өзiм департаментте қызмет iстедiм, кәзiр сол сала бойынша осында қызметке ауыстым… Жағдай солай! Ал өзiң ше? Статский емессiң бе өзi?

— Жоға, одан жоғарылатсайшы, — дедi толық кiсi. — Мен кәзiр құпия қызметке дейiн көтерiлдiм ғой… Екi жұлдызды алып тастадым дегендей….

Сол екен, жiңiшке кiсiнiң бетiнен қаны қашып, сiрестi де қалды, сәлден соң оның бетi қисайып, жайыла күлдi; сол сәтте оның бетi мен көзiнен әлдеқандай бiр ұшқын шашылып жатқандай боп көрiнiп кеттi. Сосын өзi басын iшiне тартып, еңкейе, иiле түстi… Сонымен бiрге оның шамадан, түйiншек, картондары да иiлiп, жылмия түскендей боп көрiндi… Әйелiнiң ұзын иегi онан әрмен ұзара түскен сияқтанды. Нафанаил болса бойын тiктеп, сiресе қап, мундирiнiң iлгектерiн салды…

— Мен… ұлы мәртебелiм… Өт-те қуаныштымын! Бала кезгi достымның… солай деуге де болатын шығар, үлкен ұлық болғанына қуанышым да шек жоқ. Хи-хи-хи-с. — Ол  шиқылдап күлдi.

— Өй, қойшы соны! — дедi толық кiсi қабағын шытып. — Сенiң мұның не өзi? Ау, бiз деген бала кезден дос емеспiз бе? Шен-шекпен деген не тәйiрi?

— Ғафу етiңiз…  Сiздiң оныңыз қалай-с?… — деп арық кiсi одан әрмен иiле түсiп, шиқылдай күлiп. — Ұлы мәртебелiм, сiздiң ықыласпен назар аударуыңыздың өзi….  бiзге әбiлхәйәт суындай ғой! Ұлы мәртегелiм, мынау менiң балам Нафанаил… ал анау әйелiм Луиза, лютердiң дiнiнде, былайша айтқанда…

Толық кiсiнiң оған қарсы бiрдеме дегiсi кеп едi, кенеттен өзiне жылмиып, ыржия күлiп, жалпақтай қалған арық кiсiнiң жүзiн көрiп, құпия кеңесiшi бiр түрлi жеркенiп қалғандай болды. Ол арық кiсiге тез қол берiп қоштасып, әрi қарай бұрылып кеттi.

Арық кiсi оның оның үш саусағын қысып, бар денесiмен иiлiп, қытайшалап “хи-хи-хилап” күлдi. Оның әйелi де ыржиды. Нафанаил болса, керi шегiне берiп, қолынан фуражкасын  жерге түсiрiп алды. Сол сәтте олардың үшеуi де әлденеге мәз едi.

1963 жылы тәржiмәләнды.

1 597 қаралды