Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Несiне дейсiң оны дос болмаған…

Несiне дейсiң оны дос болмаған?
Достықты емес пе өзiң жоспарлаған?
Iштегi айуан сонда таққа мiнiп,
құл болып сонда iштегi өшкен бе адам?
 

Сенбеймiн. Себiң тимей жолдасқа түк,
жүрген ең кезiнде оны алдап, сатып.
Есеппен көзiн арбап, өзiн жалдап,
кеткен ең талай рет қан қақсатып.
 

Көрем деп жымысқыдан жәнә пайда,
төседiң жолына от та, қалақай да.
Қарадың хан базарда көлденеңнен
байғұсты салып қойып талапайға.
 

Ендi кеп дейсiң оны дос болмаған…
Бұ не сөз? Сен бе ойынан көшкен һарам?
Қалайша бiрлiк жайын бекiтпек боп,
жақсылар жел сөз айтып босқа арлаған?
 

Өткенде тiршiлiктiң неше көшi,
бәндәны арбаған ба ой бос елесi?
Тартысу, тайталасу, алдау, арбау
болмақ па кейiнгiнiң пешенесi?
 

Әлде өмiр ұсталардың көрiгiндей
шыңдай ма? Салар тезi темiрiңдей?
Өзгенi ойсыратып, өзiң болу
мақсат па, бiз жүрмiз бе соны бiлмей?
 

Ондайда айуаннан қайда айырмаң,
жел ескен жөн бе сүйтiп айдарыңнан?
Мұсылман мыңға залал жасамай-ақ,
дос болған, өнiп-өскен, мал қайырған.
 

Билейдi дегенмен де жұртты пейлi,
көркеуiл достан артық құрт тiлейдi.
…Бiр адам iште ұятты жүр оятып,
бiр айуан… нас ниеттi түрткiлейдi.
 

06.03.1981

2 073 қаралды