Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Жаңа жыл. Қос көзiмдi бақырайтып…

Жаңа жыл. Қос көзiмдi бақырайтып,
жолдастар жақсы сөзiн жатыр айтып.
Таң ата шуыр ма екен ыстық сөздер,
шарабтың қалған бойда пәтi қайтып?
 

Бiлмеймiн, бетi албырап күзгi алмадай,
сайрайды, шамасы, анау қызған ба ағай?
Желкемi жас желiктiң жалт бергесiн,
дер ме екен айттық мұны бiздер қалай?
 

Жоқ, әлде сан сынаққа шыдай жүрсiн,
сен менiң айбарлымсың, шырайлымсың,
деп бәрi қолтығыма суын бүркiп
жатыр ма? Ол арасын құдай бiлсiн.
 

Әйтеуiр, жатқандаймын бағамды алып,
тым жомарт қошеметке сараң халық.
Жел сөзге iштей қатты ызаланам,
барады бiрақ бәрi маған жағып.
 

Саушылық келдi, мiне, тiлеп апай,
күледi сырғалары — дiр етер ай.
Апырмау, мақтайсыңдар бүгiн неге,
тiлдерiң қырқылды ма жыл он екi ай?
 

Соншалық дәрiптердей жоқ ештемем,
бiр жанмын айдарынан жел еспеген.
Болмаса тарады ма басқа сыбыр,
әуресi бәрi соның емес пе екен?
 

Нелiктен жатсаң дағы арам өлiп,
тiл қатпас қалды құрдас жаңа көрiп?
Шындыққа бала шiркiн құмар дейтiн,
барлығың кеттiңдер ме бала болып?
 

Кiм бiлген, ойлаған жөн сабыр, жаным,
талайын көрдiк сөзге не мырзаның.
Осының оннан бiрi рас болса,
ағайын, қоя қойшы, дән ырзамын.
 

31.12.1979

1 980 қаралды