Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Халқым дейсiң? Жазалар тәңiрiм де…

Халқым дейсiң? Жазалар тәңiрiм де!
Сөздерiңнiң жалған ғой бәрi мүлде.
Орындыққа қолпаштап отырғызған
сол елiңнiң бiлмейсiң кәдiрiн де.
 

Бiлетiнiң: ойлайсың өз қамыңды‚
ұнатпайсың есепсiз қозғалуды.
Шарапаты тимесе‚ жолатпайсың
барған талай көмек деп боздақ ұлды.
 

Үңiлесiң жау ма деп көрiнгенге‚
жұдырықты жұмсайсың жеңiлгенге.
Айбаттылар алдыңнан шыға қалса‚
бiлдiрмейсiң ым-жымын шегiнгенде.
 

Мансап қана тiрлiктен ұғынғаның‚
жақынның да қалайсың жығылғанын.
Ойламайсың бiр күнi бiлiнер деп
жел сөз айтып‚ шындықтан жығылғаның.
 

Сүйте тұра ойлардай халық қамын
қандай ғажап дана түр танытқаның.
Сенi керек ететiн бар ма халық‚
көрсе едi-ау жұртыңның тарыққанын.
 

Қайда заман ерке өскен құлыншақтай‚
көсем қайда ел бастар сырын сатпай?
Көсем түгел көсеу де таба алмайсың‚
басшыларың бишара қуыршақтай.
 

Соның бiрi — өзiсiң. Жарлығыңа
бағынады дейсiң сен барлығы да.
Не дей алам тiрлiктiң құдiретiне‚
не дей алам‚ дариға‚ тағдырыма?!
 

02.05.1975

1 717 қаралды