Бас бет » Мақалалары

Саңлақтың соны серпіні

Жақында қазақтың халық әндерін ѳткен ғасырдың 70-80-інші жылдырынан бермен қарай, эстрадаға шыққан бойда-ақ талмастан орындап, насихаттап келе жатқан, ол асыл қазынаның қаймағын бұзбаған, уақытша ғана ѳткінші ѳмірі бар «музыкалық модадан» ѳзін сақтай білген, бүгінгі шын мәніндегі маңдайалды, саңлақ әншіміз Бағдат Самиддинованың жақында «Қазақконцерт» залында ѳткен ән кеші, неге екені белгісіз, сол күні Алматыда тұңғыш рет жапалақтап жауған Алатаудың ақша қарын еске түсіре берді. Шындығына келгенде, бұл концерт жиырма-отыз жылдың кѳлемінде әбдән космополиттеніп кеткен қазақ вокалына жаңа бір ауа, жаңа бір озон кіргендей боп әсер қалдырды. Бұл әсерді бүгіндері дүния жүзіне аты жайылған Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуі, ара-арасында ѳзінің де күйші-композиторлардың классикамызға айналып кеткен күйлерін шалқыта орындауы одан әрмен күшейте түсті. Зал халыққа лық толды. Олар концерттің Құрманғазының «Серперімен» басталуын шын серпіліспен қарсы алды. Ешқандай фонограммасыз ѳткен ән кешінде Бағдат халық әндерінен бастап қазақ композиторларының таңдаулы әндеріне дейін нәшіне келтіре орындады.  Осы концерттің ѳзегін құраған Жетісудың жәуһарлары Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, М.Маңғытаев, А.Қоразбаев және басқа да композиторларымыздың танымал әндеріне ұласты. Ал дарынды Ж.Бегендіков дирижерлік еткен атақты оркестр әншіні сүйемелдеудің классикалық үлгісін кѳрсете білді. Бұл жағынан алғанда бүгінгі құр салдырлақ пен сыртқы у-шуға, арзан эффектке үйрісек біздің эстрадалық-симфониялық оркестрлеріміздің үйренерлік тұсы жетерлік. Ең басты айтарлығы, тікелей «жанды» дауыспен орындалып жатқан осы жәуһарларды тыңдаған жұртшылықтың алған әсері аса табиғи, аса шынайы, аса «жанды» боп сезілді. Ара арасында белгілі бір әннің соңғы музыкалық сѳйлеміне келгенде, ұшатын құсша қомданып ап, талша бойы бар-жоғы жұдырықтай ғана әншінің сонау кеуденің терең бір түкпірінен сыңғырлата шығарып жатқан даусын үзіліп кетер ме екен, концерттің аяғына дейін сыр бермес пе екен деген де бір ұры күдік ұяламай да қалмады. Бірақ құдай берген нәрсе адам бергендей емес. Кең тыныс, қуатты үн, тамаша тембр қал-палдық кѳрсетпеді. Содан репертуар жәйімен жағалай отырып, Жетісу ѳлкесінің жәуһарларына жеткенде, әншінің екінші бір тынысы ашылғандай боп кѳрінді. Шындығына келгенде, бұл Бағдаттың ѳз табиғаты, ѳз топырағы, ѳзі ѳткен вокал мектебі. Тақырыбы да, табиғаты да, сазы да сан алуан халық әндерін бірінен соң бірі айтқан сайын, әншінің ѳз болмысы да ѳзгеріп, жаңғырып, түрленіп сала берді. Әрине, әнші актер емес, олай болудың қажеті де жоқ. Ән айтқанда актерлікті ретіне қарай, аса талғампаздықпен, шектен шықпай қолдануға болады. Міне осы қасиет Бағдатта бар. Бұл бір. Екіншіден, тыңдаушы-кѳрерменді мына концерттің бірден баурап әкеткендігі – фонограмманың жоқтығы, оркестрдегі дарынды да тәжірибелі музыканттардың шығармаларды «жанды» түрде орындағандықтары болды. Ал бұл халқымыздың ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан үрдісіне, ашып айтсақ, вокал мектебіне тән нәрсе. Бұл жағынан алғанда, «Қазақстанның халық әншісі» деген ресми атағы, оны растайтын, мѳр басылған қатырма қағазы бола қоймаса да, дарынды Бағдат – нағыз халық әншісі. Ол мұны мына концертте тағы да бір артығымен дәлелдеп шыға алды. Бұл, шынында да, шынайы саңлақ әншіміздң соны серпіні еді.

Осы арада айта кететін негізгі бір жәйт, ел-жұрт сѳкеттеп жүрген фонограмма жайы. Рас, соңғы кездері ол туралы неше түрлі үстірт әңгіме айтылып та жүр. Бірақ қанша айыптаса да, орындаушының «жанды» даусын алақандай табақшаға жазып алатын фонограмманың атқаратын қызметі зор. Мәселе оны қалай, қай жерде, кәйтіп қолдануда жатыр. Бұл бір. Екіншіден, жәнә бір ескерері, музыканы халыққа жеткізерде бізде бүгіндері концерт формасының таңдалып алынуы, сахна мен эстрада заңдарының ықпал етуі, бас-аяғы бар вокал шығармасында кейде бірыңғай академизмнің бел алып кетуі, жалпы форманың тар шеңбері, шын мәнінде, әнші мен кѳрерменнің арасындағы байланысқа, ѳзара қарым-қатынасқа қатты әсер етті деуге болады. Оны қалпына келтірмек боп кейбір орындаушылардың эстрада тұрып ѳздерінің екі қолдарын шапалақтауы, яғни жұртшылықтың «ду қолшапалағын» сұрап алғандай болуы, фонограмманың аясында аузын жыбырлатып жүріп, кѳрушілердің арасына кіріп кетіп, ыржалақтауы, тіпте кейде табанына іс қаққан қоянша секектеуі сырттай қарағанда күлкіңді келтіреді. Ал шындығына келгенде орындаушы мен тыңдаушы-кѳрерменнің арасындағы байланыс деген ол емес. Оның түсінігі тереңде жатыр. Орындаудың концерт формасын білмеген халқымыз ғасырлар бойы жырау, термеші, әнші, күйшілермен тікелей тығыз қарым-қатынаста болған. Той-томалақ пен жиын-кештерде ән-күйді ѳнерпаздар халықтың ортасында отырып орындаған. Оны тыңдап отырған халық ѳз әсерін әр түрлі қоштаған, қоштамаған дауыс шығарып,  сол сәтінде білдіріп отырған. Мұнда қатып қалған форма жоқ, орындау да, тыңдау да, қоштау-қоштамау да еркін. Бұл жағдайды Сәбет үкіметі кезінде «Қазақконцерт» бірлестігі жалғастырған болатын. Біздің бала кезімізде ауылдың аласа клубында концерт қойған әншілер мен күйшілерді халық дәл осылай етіп қарсы алушы еді. Халық ара арасында әннің сѳзінен не әуенінен жаңылып қалған әншіні айыптамай, құдды ѳткен ғасырлардың үрдісін қолдағандай боп, баяғы музыкалық фольклордың дәстүрі жаңғырған сияқты боп, оны қайтадан орындатып та жататын. Ал, бұл шын мәнінде, орындаушы мен тыңдаушы-кѳрерменнің арасындағы етене тығыз байланыс еді.

Міне осы үрдістен қазақ эстрадасы фонограммаға кѳшкелі жаңылып қалды. Бүгіндері үлкен сахнада қойылатын концерттің барлығы да фонограмма арқылы ѳтеді. Мұндай кештерде орындаушылар ор қоянша секектіп, себепсізден себепсіз шыр кѳбелек айналып, дарақы да дәркілдек А.Пугачеваға еліктеп, эстраданың ескі шаңын аспанға шығарып жатады. Халық мұны жақсы біледі. Концертке барған олар бар-жоғы әншіні кѳріп отырып, кәдімгі компакт-дискіні тыңдағандай боп қайтады. Әсері мүлдем солғын бұл концерт емес, әлдеқандай бір алдамшы дүния ғана. Ол үшін концерт залдарына барудың қажеті де жоқ, компатк-дискінің үйде отырып тыңдауға да болады. Ол ѳз алдына. Әлгіндей концерттердегі әлдеқандай жалғандық, жасандылық, тереңірек айтсақ, тыңдаушы-кѳрерменді алдау, адастыру кім-кімді де нәриза етеді. Шындығына келгенде, ән-күйді орындаудың ѳз заңы бар, секіріп, секектеп, шыр кѳбелек айналып жүріп, ешкім де ән айта алмайды, күй тарта алмайды. Бұл жалпы ѳнердің табиғатына жат нәрсе. Мұндай ѳрескелдікті адамның дыбыс шығаратын аппараттары мен он саусағы кѳтере алмайды. Мәселен, Құрманғазы оркестріндегі музыканттардың барлығы кенеттен орындарынан атып тұра кеп, құдды бақсы боп кеткендей екі иықтарын жұлып жеп, қолдарын ербеңдетіп, екі кѳздерін алақтатып, сахнада билеп жүріп, күй тартса, танымал бас дирижер Жалғасбек Бегендіков оларға қосылып, дирижердың таяқшасының орнына, бақсының шылдырмағы мен сылдырмағы жетерлік аса таяғын ұстап, ойран-ботқасы шыққан оркестрді басқарам десе, не болар еді? Сѳз жоқ, оны кѳрген тыңдаушы-кѳрермен иманы ұшып, залдан шығына қашар еді. Олардан шошып кеткен «Қазақконцерттің» дәнге тойған қараша қаздай доп-домалақ қызметкер қыздары дереу полицияға телефон соғар еді. Құдайға шүкір, халық ѳнерінің қара шаңырағы іспеттес «Қазақконцерт» пен Құрманғазы оркестрі әзірге мұндай дертке шалдыға қойған жоқ.

Бұ жерде фонограмма дегеннің мән-мағынасын дұрыс түсіну қажет. Әдетте акустикасы жақсы залдарға қарағанда, тѳрт қабырғасына дыбыс соғылып, жаңғырығып, басқаша обертондар шығармайтын, мамандандырылған студияларда вокал шығармалары таза, жақсы боп жазылады. Одан неше түрлі альбом, жинақ т.б. құрастырып шығаруға болады. Бұл басқаша айтсақ, жазушының ондаған шағын шығармасының басын қосып, жеке кітап етіп жариялағаны сияқты нәрсе. Мұндағы айырмашылық – жазушының кітабы орындаушысы жоқ, «ѳлі» дүния да, альбом, компакт-дискі т.б.орындаушысы бар, бірақ оның кескін-келбеті, сахнасы, эстрадасы т.б. жоқ жанды нәрсе. Бұл бір. Екіншіден бүгіндері әрбір үйге еркін кіретін телехабар, телеконцерттерді т.б. түсіру үшін фонограмма ѳте қажет. Мұндай хабарларға кѳрермен жұртшылықты шақыруға да, шақырмауға да болады. Біздердің бүгіндері «пәленшенің ән кеші», «түгеншенің тойы» т.б. деп жүргеніміз бар-жоғы осындай телехабар, телешоу ғана. Олар классикалық түсініктегі ешқандай да концерт емес. Мұнда, біріншіден, бұрындары студияларда жазылып алынған фонограммаға ілесіп, әншінің аузын жыбырлатып тұруы ғана бар. Екіншіден, әншінің тыңдаушы-кѳрерменмен жанды байланысы жоқ. Мәселен, белгілі бір әнді фонограммасыз тікелей орындағанда, әншінің сол әннің шығу тарихын болмаса композиторға, объектіге т.б.байланысты неше түрлі қызықты жағдайды айтып, елді бір серпілтіп ап, уақытты ѳз қалауынша созғау да, қысқартуға да, одан әрі қарай шығарманы  орындауға мүмкіндігі бар. Ал фонограмма да үйте алмайсың. Шыр айналып жатқан күйтабақ оныңды кѳтермейді, ол әрі қарай айнала береді. Ілессең, ілестің, ілеспесең, қалдың. Кезінде үлкен сахналарда фонограммаға осылайша ілесе алмай, біздің талай әншіміздің масқарасы шыққан да еді. Үшіншіден, фонограмма пайда болғалы бермен бүгінгі дыбыс жазатын жетілген аппаратураның кѳмегімен масаның ызыңындай ғана дауыссымағы бар «әншісымақтардың» қойдай тоғытылуы басталып та кетті. Бүгіндері радионың тетігін бұрап қалсаң, – ызыңдап тұрған солар; телеайнаны қосып қалсаң, – ырбаңдап, ыржалақтап, ырқылдай секектеп жүрген солар!  Нағыз халтура! Осының салдарынан бүгіндері нағыз, шынайы әнші мен  бар-жоғы сыбырлақ та дыбырлақ «әншісымақтардың» ара жігін ажырата алмайтындай жағдайға жеттік. Бұ жағдай осы қалпымен созыла берсе, енді бір замандардан соң мекиендерге қоқиланып жүрген таскекіл қораздардың да Л.Паворотти боп шыға келетіні даусыз.

Бұ жерде ашып айтатын басты нәрсе – музыкалық концерт басқа, телехабар мен телеконцерт басқа. Олардың арасы жер мен кѳктей. Мәселен, осыдан біраз бұрын дүния жүзі бойынша берілген үлкен концертте заманамыздың ұлы тенорлары Л.Паваротти, Х,Сикейрос пен П.Доминголар осы жағдайдың айырмашылығын анық кѳрсеткендей болған да еді. Олардың осы заманғы дауысты күшейтетін аппаратураларды пайдаланып, мыңдаған кісі жиналған үлкен алаңда, стадионда концерт беріп тұрғандарына, мұны дүнияның тѳрт түкпіріндегі жұртшылықтың телеайна арқылы кѳріп отырғандықтарына  қарамастан, ѳздерін еркін сезіп, еркін сѳйлеп, ара-арасында әзіл-қалжың да айтып қойып, құдды белгілі бір концерт залында тұрғандай боп, неше түрлі ән мен ариялардан айтуы сонршалықты табиғи боп кѳрінді. Бұған керісінше, тамаша даусы барлығына қарамастан, әлдекімдерге еліктеп,  дыбыс шығаратын аппаратын ѳмірі тозбайтындай кѳріп жүрген Н.Басковтың бірде жүргізуші, бірде әнші боп шошаңдай беруі мүлдем кері әсер қалдырады.

Ал бұл жағдай бізде каррикатура дәрежесінде ғана! Мәселен, Мәскеудің телеарнасына еліктеп, содан тікелей кѳшіріп алынған «Екі жұлдыз» дейтін хабарға қатынасып, ырбаңдап, ыржалақтап, ырғалақтап жүрген дарынсыздардың барлығын бірін де қалдырмай жинап ап, «Байқоңырдан» ұшатын ғарыш кемесіне тиеп,  «енді қайтып жер бетіне келмеңдер» деп, Қызылжұлдыз-Марсқа ұшырып жібергің келеді. Бірақ космодром бүгіндері сондай космополиттердің қожалығында тұр. Олай деп талап қылатын болсаң, әлгілердің ѳзіңді ашық ғарышқа ұшырып жіберуі мүмкін. Ең бастысы – вокал олар үшін ѳнер емес, пұл табатын, атақ-даңқ шығаратын қолайлы кәсіп қана. Ал бізге ѳнер керек.

Міне, Бағдаттың ән кешіне қатысып отырғанда, менің ойыма осылар еріксіз орала берді. Тіпте конферансьелердің ара-арасында келесіде орындалатын шығарманың атынан жаңылысып қалуы, оны әншінің жѳндеп отыруы, залда отырған жұртшылықтың қобырласып, «ой, пәли!» десіп айқайлап қоюы, кейде олардың орындарынан атып түрегеп, ұзақ уақтын бойы шапалақ соғып тұрып алуы маған кѳне замандардағы жырау, термеші, әнші, сал-серілердің шынайы, табиғи «концерттерін» кѳз алдыма елестеткендей болды. Бірде отаншылдықты дәріптейтін, бірде терең лиризмі бар, бірде әзіл-қалжыңы жетерлік, бірде пәлсәпасы басым әндер рет-ретімен орындалып жатқанда тыңдаушы жұртшылық сілтідей тынып қалды. Мұның басты себебі – фонограмманың жоқтығы, Бағдаттың атақты оркестрдің сүйемелдеуімнен тыңдаушы-кѳрермен жұртшылыққа тікелей шығуы, жанды дауыспен ән шырқауы. Бұ жерде ән салу  мен ән шырқаудың  айырмасы барлығын айта кеткен жѳн. Шындығына келгенде, бір октаваға жетер-жетпес, кейде одан да аз кѳлемдегі шағын даусы бар әншілер тек қана ән сала алады, шырқап айта алмайды, ал диапазоны кең, бір жарым октавадан асып жатқан күшті де қуатты даусы бар Бағдат қалауынша әнді сала да алады, шырқап айта да алады. Рас, кейде маған оған майда қалтыл-діріл, музыкалық әшекей, басқа сѳзбен айтсақ, колоротура мен мелизмдер жетіспейтін сияқты боп та кѳрінеді. Бірақ мұның бәрін мәреге тура тартқан сайгүліктің шабысы сияқты боп сыңғырай созылған қуатты дауыс ұмыттырып жібереді.

Тағы бір айтатыны, әншінің киім үлгісі, сахнадағы жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, ішкі еркіндігі, сырт кейпінің тыңдаушы-кѳрерменге ескі танысындай боп жылыұшырай кѳрінуі, оны кері теппеуі, жалпы мәдәнияты мына концерттің маңызы мен салмағын арттыра түскендей болды. Бұл бір. Екіншіден, бұл кеште қазақтың халық әндері кѳп орындалды. Бұл – Бағдаттың ѳз стихиясы. Оларды орындағанда, шамасы мұны ѳзі де байқамайтын болуы керек, әнші мүлдем ѳзгеріп, құлпырып кетеді. Жаңа ғана жасандылау, сыртқы ұраны басымдау, басқа сѳзбен айтсақ, «музыкалық публицистика» ретіндегі «отаншыл» әндерді айтқан Бағдат пен жас кезінде ауылдың аласа клубында ақ бантигі желбіреп, шыт кѳйлегінің бүрмесі дѳңгелене жарасып, Жетісудің жәуһарларын нәшіне келтіре орындайтын мына Бағдаттың айырмасы зор. Бұл жағынан алғанда, оны орыстың үлкен халық әншісі Л.Руслановомен салыстыруға болады. Бүгіндері Л.Русланова орындаған орыстың халық әні «Байпағымды» кім білмейді? Бұған керісінше, Бағдат айтып жүрген «Ай қараңғыны» кім білмейді? Ѳз басым, болашақта Бағдаттың бар күш-қуатын салатын саласы – осы Жетісу ѳлкесінің жәуһарларын сахнаға шығару деп есептеймін. Бұл әлі беті толық ашылмай жатқан тың қазына. Оларды, Жетісудың ән айту үрдісі тал бойына сіңе қоймаған, тамаша даусы болса да, басқа ѳлкеден шыққан әншілер нәшіне келтіріп айта қоймайды. Қысқасын айтқанда, цыганның әнін цыган ғана айта алады. «Очи черныені» ұлы Л. Паваротти де айта алған жоқ. Ал, халық әні «Гәуһартасты» сол Арқа ѳңірінде туып-ѳскен, жан дүниясы нағыз қазақы әнші ғана айта алады. Оны татар не башқұрт айтса, онда «Гауһартас» гәуһар тас емес, мылқау тасқа айналып кетеді. Менің бұған кѳзім танымал опера әншісі Р.Жұмаділова орындаған «Гәуһартастың» екі нұсқасын тыңдағаннан кейін анық жеткендей болды. Бағдат та сондай. Ол орындаған басқа ѳлкенің әндері, қазақ композиторларының шығармалары, қаншама нәшіне келді десек те, Жетісудың жәуһарларымен таразы басына салғанда, тең түсе бермейді. Мұның себебі – әлгі шығармалардың маңызының кемдігінде емес, керісінше, олардың Жетісу әндеріндей боп Бағдаттың тал бойына етене сіңбегінде жатыр. Бұ жерде музыкалық «инстинкт» қана үстемдік етеді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған бұл қазақы концертте Бағдаттың даусы ешқандай да сыр берген жоқ. Керісінше, қызған сайын алысқа шабатын тұлпарша тѳрт аяғы топ-топ етіп тең түсіп жатқандай боп сезілді. Бұл да бір – баяғы сал-серілеріміздің сайын саһрада таңға дейін талмастан «кѳрсететін қазақы концерті» де бір. Мұндай ұлы үрдісімізді басқа да әншілеріміз жалғастырып, «телехабар», «телешоу» кѳрсетпей, шынайы, табиғи концерт беріп жатса, құба құп. Біздің мынадай жанды дүнияны естіп-кѳрмегенімізге не заман?! Сондықтан да болар, маған дәл сол күні Алматыда жәйімен жапалақтап жауған кіршіксіз ақша қар қазақ вокалына еніп, оны кір-қоқыстан тазартып, жаңғырта жаңартып, әсем бір дүния етіп жіберетін нышан-символдай боп кѳрінді.        

939 қаралды