Бас бет » 1971-93 жылдар, 1971-93 жылдар, Өлеңдері, Дастандары

Зуһра

1
 

Кiмсiң осы? Тәһирсiз Зуһрамысың?
Жарылатын сықылды удан iшiм.
Махаббатың тәкәппар таңырқатып‚
шылауыңа жармасып жүр намысым.
 

Шырынбысың шашпайтын сын мейiрiн‚
гүлзары ма ең‚ көркi ме ең күнгейiмнiң?
Бұла бұрымың жiгiрге қамшы салып‚
аяғыңа табынып жүр бейiлiм.
 

Ләйләмiсiң кеуiлсiз кiрбиетiн‚
жан керек пе отыңа бiр күйетiн?
Қаз омырауың мас қылып‚ есiмдi алып‚
iздерiңе тәуетiп жүр бейiлiм.
 

Мақбалмысың керiлген кербез керiм‚
соқсам ба арнап махаббат күмбездерiн?
Жанарыңның жалыны алаулатып‚
жолдарыңа телмiрiп жүр көздерiм.
 

Үндемейсiң. Жоқсың ба сөзге бүгiн?
Кеуiлiңнiң тұр басып безбенiн кiм?
Не десең де‚ ешқайда жiбермейдi
намыс‚ кеуiл‚ ниетiм‚ көз‚ бейiлiм.
 

Жабысады барлығы ұғыншы де‚
ұқтың бiлем‚ қарадың күлiмсiреп.
Бұ дүнияда бiрiншi сұлу сенсiң‚
ашық болған мен ғана бiрiншi рет.
 

2
 

Қайдасың сен‚ қайдасың сен‚ Зуһражан‚
сепшi бiр су кеуiлiме қураған.
Бiлген жанға жiгiттердiң жампозы
қу дарақша қуаруға тумаған.
 

Менiң дағы көктер кезiм бар алда‚
тұсым да бар төстi ашатын самалға.
Шыда соған‚ жат жанардың жарқылын
аулап алып‚ айна алдында таранба!
 

Раушан деме тiкенегiн бұтаның‚
надан деме сыртын көрiп сыпаның.
Сәмбi талша иiлгенге сүйiнiп‚
шашпа ауаға Бағдат‚ Бұхар жұпарын!
 

Көрiнгенге қарақат көз күлмесiн‚
нәпсi ақылды алмасыншы мүлде есiн.
Самал ғана слаң қағып сүйсiншi
көлеңдеген көк көйлектiң бүрмесiн.
 

Сүйсiн деймiн? Жомарт тарттық бiз нағып?
Найқаласың нарттай бетiң жүз жанып.
Самал — өзiм‚ о дариға‚ мен тұрмын
жамалыңды өз өзiмнен қызғанып.
 

3
 

Көзiң-ай! Көзiң сенiң тостағандай‚
қиялды ол бiр құрдымға бастағандай.
Аралша аунақшыған сол шараның
түбiне бар белiмдi тастап алмай
 

тынбаймын. Жағдайым жоқ пана табар.
Бөлiнiп қойылғандай алапа бар.
Жалғанның самаласын құйып алып‚
жайнаса алдымда қос қара панар‚
 

аңқылдап‚ жатқан не бiр ордан аттап‚
жортамын жапан дүзде қаңғалақтап.
Шiлдеде шырақ тартқан көбелекше
iзiңнен ере берем қалбалақтап.
 

Кей кезде найзағайша көз қарасың
жалт етсе‚ таба алмаймын сөз сарасын.
Таңғалтып тiл-жағымнан айрылғаным‚
балаша торғай атқан мәз боласың.
 

Кәйтейiн‚ өз халiмдi ұнатпаймын‚
сонда да саған келiп тұрақтаймын.
Аралдай жанарыңа сүңгiп алып‚
армансыз мейрiмiңе шуақтаймын.
 

4
 

Қара бұлтқа көктiң төсi тұншықты‚
қуып соны‚ кенет күлiп күн шықты.
Сен шықпадың сылаң қағып бiрақ та‚
не етсем екен кердең дейтiн қырсықты?
 

Iзiнше оның құбыладан жен есiлдi‚
құрт түскендей жiбiп көк мұз тесiлдi.
Сенiң кеулiң жiбiмедi бiрақ та‚
не етсем екен кердең дейтiн кесiрдi?
 

Содан кейiн ашылды аспан әлемi‚
шандоз шуақ сүйдi гүлдi әдемi.
Сен шуақ боп шашылмадың бiрақ та‚
не етсем екен кердең дейтiн пәленi?
 

Көп ұзамай күн райы құбылды‚
бытыраша тамшы самсап шұбырды.
Сен жаумадың сабалап кеп бiрақ та‚
не етсем екен кердең дейтiн қыңырды?
 

Мен шаршадым. Болды кеуiл көтерем.
Жыл шаңынан сарғайыпты-ау бекер өң!?
Қырсық‚ кесiр‚ пәле‚ қыңыр‚ қарағым‚
не етсемдi айтпай кетсем‚ шыны не етер ең?
 

5
 

Жалт-жалт етiп өтер сәттей қас қағым‚
бақыт шiркiн ырзығы ма басқаның?
Звандап ем саған қайта қол созып‚
телефонның тiлiн қырқып тастадың.
 

Соны көрiп үрпидi де шаштарым‚
бардым қалап жан түрмесiн ашқанын.
қоңырауды безiлдетiе басып ем‚
қоңыраудың тiлiн қырқып тастадың.
 

Мұндай‚ сiрә‚ болмас менiң сасқаным‚
келдi сенi жұрт көзiнше жастағым.
Телеайнаға шыға салып сайрап ем‚
телеайнаның тiлiн қырқып тастады.
 

Аң-таң қалдым. Кеттi кеуiл бұлты аунап‚
қызғаныш ит күлiп‚ мұртын жүр таулап.
Жақсы ма екен тiлiн қырқу бәрiнiң‚
жақсы ма екен жаутаңдаған мылқау бақ?
 

6
 

Жалтақтай соңға мың қарап‚
қашақтап келсек қаңғалап‚
тамылжып‚ тиыш тұр екен
саясы салқын алма бақ.
 

Алхоры‚ алма — алдыңда‚
ажарлы алма бар мұнда.
Уылжып тұрған өрiктей
уылжи сен де қалдың да‚
 

айтуға бiр сөз ерiнiп‚
бәһарлы сәтке берiлiп‚
шыдамай‚ шоршып‚ шегiнiп‚
ентелеп‚ ессiз емiнiп‚
 

қинамай‚ жатпай қыңырсып‚
сұлқ түсiп‚ қайта бiр ыршып‚
албырап‚ майда жыбыршып‚
ақырын‚ ақырын ыңырсып‚
 

дамылсыз‚ тез-тез дем алып‚
өзге бiр отқа оранып‚
жатқандай жаның жаңарып‚
оңтайдан тұрдың оралып.
 

Бөлектеу едi-ау затың да‚
табылып қандай қапың да‚
көп бола бермес бұл сәттi
саралап салмай ақылға‚
 

бойыңды билеп басқа жақ‚
албырап әрлi ақ тамақ‚
қадалтып көкке оқпанын‚
жайылған сынды қос қанат‚
 

кенеттен ақырын күбiрлеп‚
бозара‚ балқып бiрiндеп‚
құйқылжып‚ көкте күнiм деп‚
дем ысып‚ майда дiрiлдеп‚
 

баса алмай бойдың толқынын‚
толтырып орнын олқының‚
тамырды қашқан қуалап‚
тамырдың сезiп солқылын‚
 

тұрдың да‚ сәтте қымс етiп‚
ақылды еске сыншы етiп‚
есiңдi жиып алып ең‚ —
үзiлдi алма тырс етiп.
 

Кәзiрде сол күн жырақта‚
даусың тұр әлi құлақта.
Қиялға бәрi келгенмен‚
сен келмей жүрсiң бiрақ та.
 

Бiлмеймiн оның себебiн‚
жәнә де қиын не дерiм.
қиянға кетiп‚ керегiм
табылмай қойды-ау дерегiң!?
 

Сол сәттi аңсап‚ әлде ексiп‚
жүрсiң бе iштен сен де өксiп?
Бiлмеймiн‚ өзiм, әйтеуiр,
түнiмен шығам дөңбекшiп…
 

7
 

Ай күлiмдеп‚ жайнап жұлдыз ымдасқан
тұрған шақта‚ өй‚ тамылжып түнгi аспан‚
о Зуһра‚ бар дүнияны талақ қып‚
тау бағында толқығаның — бiр дастан!
 

Сезiмiң де кеткен бастап көркем би‚
көзде ойнайды жарқын жалтыл ерке ылғи!
Бiр уыс қып балғын бұла бойыңды‚
сорғалайды түн түнегiн серпер күй!
 

Сен қарайсың қуана һәм шошына‚
тамылжисың‚ дем дiрiлдеп тосыла.
Қайран шабыт сайран салып жататын‚
бiр болатын бақыт дейтiн осы ма?
 

Болса болар! Құмарлықты-ай қапылған‚
кеуiл масаң — құнан қымыз сапырған!
Әлсiз үнiң әлдекiмдi шақырған
тосын дәрмен тiлейтiндей лапылдан!
 

Жатқандайсың жанды баурар ән тыңдап‚
кеткен кенет ойнап қаны‚ қарқындап‚
талмаусырап‚ талып‚ толқып‚ тырс етiп
үзiлдi күй барып‚ барып солқылдап!
 

Етсiн мұны тiлге тиек кей арсыз‚ —
қараң маған дүния сенiң саяңсыз.
Осындай ма бақыт дейтiн бiр қонар‚
осындай ма бақыт дейтiн баянсыз?
Өттi бәрi‚ кеттi бәрi аялсыз…
О баянсыз! Баянсыз!
 

8
 

Шаршап‚ жадап жеткенiмде шалғайдан‚
қалдым шошып мына қызық жағдайдан:
Күн менен Түн‚ шұғыла менен көлеңке
жатыр ашып жанарыңда зор майдан.
 

Күн шыққанда‚ қырмызыдай құбыла‚
көзiңе кеп қонады бiр шұғыла.
Сол бiр дүние қызықтыра көздi арбап‚
қан дейтiндей сақтаған бар сырыңа.
 

Түн түскенде‚ Ай туғанда қылмиып‚
жанған шақта мың-сан жұлдыз жылмиып‚
қара суша тартып көңгiртi қос көзiң‚
тереңiне тартатындай тұңғиық.
 

Бұл екеуi жағдай емес ұғардай‚
екеуi де естi харап қылардай.
Мен отырмын бiр маданға кiре алмай‚
жәнә отырмын бiр жағына шыға алмай…
 

9
 

Жүргенде‚ жаным‚ жырақта‚
келгендей үнiң құлаққа‚
елестеп жүзiң‚ қалушы ем
жеткендей болып мұрадқа.
 

Бағымыз бiзге бақи-тын‚
сен едiң сәруар‚ жақұтым‚
думанды жылға татитын
сел келiп кеткен бiр апта.
 

Мен едiм аңсыз ақылдақ‚
жүрушi ең жанда жарқылдап‚
тажушы ек жайсаң ән тыңдап‚
айналып сезiм бұлаққа.
 

Айныды сол сәт ақыры‚
көбейдi кеуiл ғапылы‚
тарайдыл дағдыр тақымы‚
шыдамай‚ жүрмiн‚ шыдап та.
 

Көзiме ендi жас толған‚
кейпiң бар қатты қасқарған‚
тiлектi еттiң тас-талқан‚
осы да‚ жаным‚ сынақ па?
 

Өзiңсiң арзу арманым‚
кiнәңдi терең талдағын‚
өзiңе өкпем жоқ‚ жаным‚
сен мейлi менi ұнатпа.
 

Өзегiм өрттей жалынды‚
тауыстым тақат‚ сабырды‚
бүлдiрме менiң бағымды‚
жанымды менiң жылатпа!
 

10
 

Суындай таудың тасынып‚
көрiсуге қатты асығып‚
кездескен кезде аулақта
жатушы ек баққа масынып.
 

Болмайтын жанда мүлде арман‚
болмайтын бөлек сыр қалған‚
осы бiр бақты ұрланған‚
жүрушi ек жұрттан жасырып.
 

Жұлдыздар жанса жымыңдап‚
ай туса бiзге қырындап‚
сөйлеушi ең маған сыбырлап‚
иыққа ақырын асылып.
 

Құмар ең сен де келуге‚
құймар ем мен де көруге‚
құмар екi бақты теруге‚
бақшада жатқан шашылып.
 

Демеушi ек осы жетедi‚
бiтпейтiн ләззәт шекерi‚
болғанмен көгәл етегi‚
әр кезде таудың басы — бұлт.
 

Дедi ме кәйтер басқа ұрсақ‚
сол бұлттан жауды тас бұршақ‚
қой шалған қашты қасқыр шақ‚
жаңғыздан жаңғыз жасыдық.
 

Жоқ ендi жастық жалт еткен‚
қол үзiп қиял‚ ертектен‚
тiрлiктi болдық парық еткен‚ —
қалыпты-ау кеуiл басылып!?
 

Жаным-ау‚ айтшы‚ бұл қалай?
Ашықтық пiрi ұрмағай‚
баянсыз бақты бұлдамай‚
еттiк-ау‚ сiрә‚ асылық!
 

11
 

Автобус әйнегiнен бiр қарадың,
жазғырып, жанды қатты жұлмаладың.
Кетсең де менен мәңгi күдер үзiп,
аман-сау әр уақат жүр, қарағым.
 

Дегенмен жетпей соның дерегiне,
ернiмнiң айналғаны кезеруге.
Көрмедiк қасыңдағы күлiмдедi,
шыжғырып, шоқ түсiрiп өзегiме.
 

Тапқандай сен де сол сәт ’ашығыңды,
тасытып қойдың әлгi тасырыңды.
Мен қалдым терiс айналып, тiстеп бармақ,
қидым деп кiмге гәуһар асылымды.
 

Ойынша, бiлмес баға қандай надан,
сезбейдi сом алтынды соры қайнаған.
Бұқаға бағымдағы бәрi бiрдей,
хан жайлау тұлпар таптап, ел жайлаған.
 

Сен менi кеулiңе алып қалма бiрақ,
едiң-ау сары даланың сандалы пәк.
Жан едiң қарақат көз, кептер кеуде,
аршын төс, алма мойын, алма бұғақ.
 

Кеудең де күйдей едi көмбiрлеген,
жүзiң де жарқын едi күлмiңдеген.
Амал не ала қашқан автобусқа,
қасыңда кеттi қасқаң мiңгiрлеген.
 

Сен қарап, үнсiз ғана амандастың,
күлкi алдың қиығына қалам қастың.
Шамасы, сен бұрынғы Зуһра емессiң,
мен де ендi саған Тәһир бола алмаспын.
…Аман бол, аңғармасын ол албастың!
 

12
 

Тектi ғып берген тәңiрiм,
шашылмай мүлдем сабырың,
жаратпай жайын жабының,
жайғайтын жанды жалының.
 

Қарақат көзге нұр қонып,
тотыша алуан түрленiп,
тұратын едiң гүлденiп,
ағланың аңлап алымын.
 

Кеуiлдi тынбай саз қылмай,
жайнаңдап, жатпап наз қылмай,
жалтарған жерден жаздырмай,
көрiнетiн қапысыз қарымың.
 

Еркiнси, кейде еркелеп,
қылымсып, ғажап еркелеп,
тұрғанда, көркiң көркем ед,
ұялтып дүния жарығын.
 

Үлпiлдеп бұғақ жас қардай,
жайраңдап жүзiң, бостандай
келiп ең құдай қосқандай,
кермиық, кербез ханымым.
 

Алыстап кеттiң ақыры,
көбейiп кеуiл ғапылы,
мың жылға бiр жыл татыды,
сары майша толқып сабырым.
 

Жұлқынып шаппай жазықта,
алданып қара азыққа,
байлаған аттай қазыққа
арқанда тұрып арыдым.
 

Күлiмдеп қайта келмесең,
халымды көзбен көрмесең,
бойыма қуат бермесең, —
торына түсем жадының.
 

Ондайда өте өжетсiң,
демейсiң дүния кезексiң,
жүргенге, шiркiн, не жетсiн,
қатарға қашпай кәдiрiң!
 

Жабыдан шошып жолаған,
қардарды көздеп қалаған,
жүрсең де қайда, бол аман, —
сақтасын сенi тәңiрiм!
 

13
 

Көп болды: сенi көрмедiм,
өзiң деп ойды бөлмедiм.
Қайранмын кәзiр, — не себеп
жадыма қайта келгенiң?
 

Бiр түрлi болып барамын:
үлпiлдей қап ақ тамағың,
жалт еткен бiр сәт жанарың
өткенiм емес, болды өңiм.
 

Баяғы шақтың бәрi есте,
қыдырған бақ та, белес те
бұлдырап, ұқсап елеске,
не ғажап түстей төнгенiң?
 

Ысытып жанды жалындай,
алысқа тартып ағындай,
құбылып, толқып сағымдай,
көшiнде кеттiң өңгенiң.
 

Қайрат жоқ одан бөлуге,
жол жабық еркiн еруге,
пешенем запа шегу ме, —
ләззәттан мақрұм мен бе едiм?
 

Тапсам деп жүрсем жөнiмдi,
қапияда қинап кеуiлдi,
қайдағы қозғап шерiмдi,
тұнығымды неге тербедiң?
 

Өтiптi-ау дәурен зырқырап,
баянсыз баққа не тұрақ, —
барады бойым сырқырап,
қашыпты күй мен көрнегiм.
 

Зуһра, осы-ау замана,
келтiрмей менi қанама,
жырақтап, қайта жола да, —
сен маған маза бермегiн.
 

14
 

Жан едiң асқан әдемi,
әр сөзiң маған дәрi едi.
Тойлаған тауда шақ есте,
жiгiттiк жасап кәденi.
 

Жанарың шамдай жарқырап,
дiрiлдеп, аздап қалтырап,
қорғасын сынды балқып ап,
тұрған бiр жақсы шақ едi.
 

Үркектей қарап, қорықпай,
қалай деп соңы торықпай,
балғын тартып ақ борықтай,
тыймадың татар дәменi.
 

Тотыдай тұрған тордағы
сөздерiң қандай сондағы,
сол болар бақтың қонғаны,
әр мүйнет татар пал едi.
 

Бағасын соның бiлместен,
қайтадан ойнап-күлместен,
қыдырып бақта жүрместен,
әзәзiлдiң түстi әлегi.
 

Сөйлемей сұмнан сақтанып,
мақтанбас жерде мақтанып,
барлығын айтып ақтарып,
шалқудың бар ма ед керегi?
 

Соңы оның болды өкiнiш,
бiздерден өттi не түрлi iс,
бас шайқап кәзiр отырмыз,
қайда деп мұның дерегi.
 

Келген жоқ ол жау алыстан,
не жетер жаққа қарысқан,
жан едiк жастай табысқан,
жарасып жайған желегi.
 

Жұпарың жақсы ед жалбыздай,
бүгiнде болдың сен мұздай.
Жатырмын жаңғыз қарбыздай
жұлынған барлық пәлегi…
 

15
 

Қаншама кiсi шаршаған,
қиылды көктей қанша адам?!
Қаншама заман өтсе де,
құмармын сонша мен саған.
 

Жарқырап гәуһар жанарың,
жадырап тұрса қабағың,
тобамды еске аламын,
кiсiдей көптен шаршаған.
 

Асылыңды деп не бiр тек,
жатқызбай жанға жеңiлтек,
сенi ойлап, жатам шөлiркеп,
шәрбатты болып аңсаған.
 

Мiнезiң қандай жайдары,
сөзiңнiң қалың қаймағы,
жадымда құшақ жайғаның, —
болар ма асыл мұнша адам?!
 

Туды да дағдыр тарлығы,
бұлдырап кеттi барлығы,
Алланың бұл ма жарлығы,
сау емес жаным пәршәдан.
 

Бибастақ бiреу бүлдiрдi,
содырың салды сүргiндi,
бермесiн басқа бұл күндi, —
алғандай анар алшадан.
 

Туғанадй болды қиямат,
мiнезiң қандай зиялы-ақ!
Көре аламу қандай қиянат
жаныңды артық баршадан!
 

Қойса да қандай қамаққа,
сен жүрсiң әлi санатта,
жалғызым сенсiң елатта,
табылмас дегдар тең саған.
 

Уа, Зуһра, ойла одан да,
кездесер қызық көп алда,
жазмыштан озмыш болар ма, —
етемiн дәме мен содан!
 

16
 

Құбылып көктен көрiндi Ай,
қарадық оған қорынбай.
Құс жолы жатты көктiң бiр
күптеген күмiс жолындай.
 

Қуандық соған баладай,
жанарың сенiң шарадай,
төрiне көлбеп қонады Ай,
iздеген менiң жоғымдай.
 

Жарқырап ақша маңдайың,
бiлдiрiп тiрлiк қандайын,
ахуалдың аңлап әр жайын,
жайнадың қырдың жонындай.
 

Ерiнiң еттi албырап,
сөзiме салып сәл құлақ,
балқыдың баппен балбырап,
салған бiр иге тонымдай.
 

Тылсымы таудың таңғалтып,
мажырай бердiм мен балқып,
бақ-дәулет бұдан бар ма артық,
жәй жүрiп жиған қомымдай?!
 

Деп ем сол бағым аумасын,
қалды ма байқап маубасың,
қалғандай болдым дауға шын,
Iбiлiстiң атқан оғындай.
 

Қадамым қиғаш қиылды,
базарым ерте жиылды,
басқа бiр ықпал бұйырды,
сақталып қалған сорымдай.
 

Қызық жоқ сенсiз бiрақ та,
қалды үнiң мәңгi құлақта,
мiнгендей емен құр атқа,
езiлiп таудың борындай.
 

О Зуһра, тәттi қылықты,
iретсiз жайды ұмытшы,
жанымды кел де жылытшы,
жәннәттың жайнап шоғындай!
 

17
 

Жүрсем деп сенi жайнасын,
барлығы болды бойға сын.
Жалт ете қалып, жоқ болдың,
бүгiнде, қалқам, қайдасың?
 

Қасыңнан кетпей баққаның,
есеп боп тұрып, жатқаның,
қалқиып құдай атқаның,
асырып кеттi айласын.
 

Қалпы жоқ оның түсiнген,
кеудесi қатты iсiнген,
сен жылап жүрсiң iшiңнен,
барлықтың көрмей пайдасын.
 

Кей түнi қатты қамығып,
женттейiн жегене сағынып,
ойлайсың сәттi бәрi ұмыт,
қиялдың сүртiп айнасын.
 

Ол едi таңсық тiршiлiк,
ұмтылып, ыңырсып, ұмсынып,
таусшылып, тынып тыншыдық, —
бойыңнан барың тайғасын.
 

Дәл кәзiр соным қиялдай,
бақ қайда қалған ұямдай,
өттi ме бәрi, ой, Алла-ай,
сенедi оған қай жасың?
 

Таусылды тақат, сабырым,
қайдасың жәуһәр, жарығым,
бiлсiн деп дүрдiң кәдiрiн,
дедiң бе бармақ шайнасын?!
 

Бар жәйттi болдым мен баққан,
қалмады дым да бармақтан,
күтемiн хабар жан-жақтан,
назарда — шалғай Шын-Машын.
 

18
 

Ақылымды арбап саз алуан,
алысқа кет деп сазарған,
жiгiттiк жөнiн жете ұғып,
қайтпаған кезiм базардан.
 

Жүр едiм жөнге арқайын,
кеуiлiм қалған марқайып.
Кездестi бiрде алтайы,
келгендей құдды Ғажамнан.
 

Келiскен қандай қабағы,
жақұтша жанған жанары,
ұлпа қар бейне тамағы,
сөзi — арман, маған, өзi — арман.
 

Сөйлейдi кетпей төгiлiп,
басады аяқ ерiнiп,
жүруге кербез керiлiп,
жаралғандай-ақ әзәлдан.
 

Жылынар сонда от бардай,
гәуһәрды жаңа тапқандай,
бiр магнит менi тартқандай
халым жоқ жайға төзе алған.
 

Төгiлген беттен иманы,
кетпейдi ойдан дидары,
‘ашық қып менi, қинады,
бастаймын сөздi ғәзәлдан.
 

Жайым жоқ жатар сайланып,
арқандаулы аттай айналып,
отырмын соны ойға алып, —
не лаж бар, айтшы, о жалған?!
 

19
 

Көптен берi көрсетпей ақ тамақты,
болдың ғайып перiштедей қанатты.
Менiң өмiрiм болғанда ендi абақты,
татпа дейсiң тәттi, лағыл шарапты.
 

Билажбын жек көрсең де жеркенiп,
жасамадың жақын келiп еркелiк,
бар өзегiм бара жатыр өртенiп, —
шарам қайсы татпасыма шарапты?
 

Маған неге бейiлiң мұнша мұздаған,
бiтеу жара бойға бiттi сыздаған,
мен көркiңдi көрiнгеннен қызғанам, —
шарам қайсы татпасыма шарапты?
 

Жат бiреуге жалбыр жықпыл жыбыршып,
үзiк-үзiк үнiң шығып, ыңырсып,
қараұ қалсаң сәл қулана қылымсып, —
шарам қайсы татпасыма шарапты?
 

Оқ қой маған өзгеге ойды бөлгенiң,
қарсы алдымнан қазылғандай ор менiң,
қандай қасiрет жат құшақта көргенiм, —
шарам қайсы татпасыма шарапты?
 

Бұлғаңдайсың бұрмай мойын сен бiрақ,
керiмсалдай кеулiң кенет болды жат,
әлдекiмге алаңдайсың албырап, —
шарам қайсы татпасыма шарапты?
 

Ғайыпана қасiретiмдi көрсең де,
кеулiң жошып, сен қайрылып келсең де,
қуанғаннан құлдығың боп көнсем де, —
шарам қайсы татпасыма шарапты?
 

20
 

Жанатын қарсы алдымнан шырағымдай,
сен едiң айрылмайтын сыңарымдай.
Аулаңнан әсемденiп шығушы едiң,
киiктi қырда ойнаған ылағындай.
Жәудiреп қара көзiң қарағанда,
жақсы сәт болмайтұғын жүдә мұндай.
Бiр толқын тез арада бойды билеп,
шерiнiң шырқаушы едiм пырағындай.
Жалтақтап қайта-қайта жанабыңа,
қараушы ем саған қанбас құмарымдай.
Шығыстың шарафатын шақтап жинап,
гөзәл ең сен Хазардың құланындай.
Ойланып өзiң жайлы оңашада,
жүрушi ем жақсы жайдан бiр арылмай.
Қара қас, тостағандай екi көзiң,
Шарқының тұлғаң толық шынарындай.
қол жетпес қиялдағы бiр қыз едiң,
даланың түскен түсте мұнарындай.
Барлығы бүгiн соның болды ғайып,
арт жағы — ақылсыздың ылаңындай.
Көп болды келбетiңдi көрмегелi,
ара жол — жабық Сырдың тұманындай.
Арт жағы табысқан мен алыстаудың
жайсызда жатқан жолдың жырағындай.
Шаршаймын қайта-қайта шайқап басты,
қағылған қосарынан құлдындай.
Ексимiн емдейдi деп келiп, Зуһра,
шәрбәтпен әбулхайәт бұлағындай.
 

21
 

Сүйем деп айтпа сұңғыла басты, қарағым,
сүюдiң одан татқаным жақсы шарабын.
Жан сарайыңда жатқан көп сырды онсыз да
жеткiзiп жатыр жарқырап тұрған жанарың.
 

Мен соған қарап, қапысын тауып қалайда,
келедi кеткiм кiрiп сол сәндi сарайға.
Жиналған онда онда жәуһәрдай асыл жиһазды
көрсетер көзiң құдды бiр сиқыр шарайна.
 

Кей күнi көзiң қондырып мұнар бiр сұмдық,
жiгiттi жампоз жiберетiндей қыршын ғып.
Кей күнi көзiң теңiзше терең тартады,
түбiне жетпек дегендей кәзiр кiм сүңгiп.
 

Кей кезде сол бiр қабарып екi қарақат,
саларадй жанға жазылмас жайсыз жарақат.
Кей кезде менi мұз басқандайын тоңдырса,
кей кезде бойға жайлы бiр жылу таратад.
 

Ол кейде маған өлшеусiз қайрат бередi,
ол кейде ексiп, өзгеше сәуле себедi.
Барлығын соның доғалдау тiлге көшiрiп,
жатудың жiктеп қаншалықты бар керегi?
 

Сондықтан айтпа сүйем деп, тарт та ат басын,
көзiңнен табам кеуiлдiң сөзден таппасын.
Сүйем деп тұрып, сұқтанған басқа бағланға
деймiн мен көзден құдайым өзi сақтасын.
 

22
 
Дейсiң сен менi жiгiт не көрмеген,
сонда да бар бiр жағдайым елеңдеген.
Толықсып түнгi аспанда Ай туғанда,
толықсып тотыдайын келем деп ең.
 

Мен тұрмын ойлап соны, жолға қарап,
жанымда қалар емес жүдә тағат.
Аспанға баяғыда шығып алып,
алтын Ай екi бетiн тұр опалап.
 

Жайы жоқ ол iсiнен мезi болмақ,
көп жұлдыз емес одан көзiн алмақ.
Көшеге қайта-қайта жалтақтаймын,
өзiмдi, келедi деп, өзiм алдап.
 

Келмедiң көп күттiрiп бiрақ тағы,
кеулiмдi айтқан гәбiң жұбатпады.
Жанымды жатыр шымшып ұры күдiк,
бар ма деп басқа жақта ұнатқаны.
 

О кiм, деп, ойын сонша бөлетiндей,
қараймын қиялда оны көретiндей.
Ай батып әлдәқашан кетсе дағы,
сен маған сияқтысың келетiндей.
 

Дегенмен оған дерек мен таппаймын,
қылғандай қылуасын сорпақбайдың,
тотыма торда тұрған бiр дәмемен
не айтар деп, қайта-қайта жалтақтаймын.
 

1974 жыл

828 қаралды