Бас бет » Аудармалары

А.П.Чехов. Күйеу бала мен қайын ата

Жаңа замандағы жағдай
(Көрiнiс)

— Мен сiздi үйленгелi жатыр деп есiттiм ғой! — дедi дачада болып жатқан думан үстiнде Петр Петрович Милкинге бiр танысы. — Той қашан?
— Менi үйленедi деп кiм айтып жүр? — дедi Милкин шырт ете қап. — Үйдеп жүрген қандай ақымақ?
— Оны… жұрттың бәрi айтып жүр… ол өзi… былай белгiлi де жәйт емес пе? Жақсылықты жасырғанның несi жөн? Сiз немене бiздi ештеме естімейтiн бiреу дейсiз бе, бiз бәрiн де көрiп-бiлiп отырмыз. Қы-қы-қы! Бәрi де анық емес пе? Сiз күнi ұзақ ана Кондрашкиннiң үйiнде боласыз, сонда түсте де, кеште де тамақтанасыз, романстар айтасыз… Қы-қы-қы! Сiз тек қана Настенька Кондрашкинамен қыдырып, соған ғана шоқ-шоқ гүл әкеп бересiз… Оны бiз байқап жүрмiз дегендей… Жақында ана Кондрашкиннiң өзi кездесiп қалып едi, соның өзi айтты, шаруа былай… шамаласып қалды, дачадан қалаға көшкен бойда… той болады деп… Ау, мұнда тұрған не бар? Бұ деген жақсы емес пе? Мен бұ жерде сiзден бұрын, ана Кондрашкин үшiн қуанып отырмын. Қанша дегенмен о байғұстың жетi қызы бар! Бiреу емес, жете-е-е-у! Ау, бұл… оңай ма? Соның бiреуiн ұзата алса, оны құдайдың оңғарғаны емес пе?
“Қап… — дедi iшiнен Милкин… — Осымен менi Настенькаға үйленедi екен дегендi оныншы кiсi айтып отыр. Сонда әлгi құдай атқандар ненi бiлiп айтып үрр? Әлде олар менiң күнде Кондрашкиннiң үйiнде тамақ iшкенiме, Настенькамен сейiлдегенiме қарап… өсек айтып жүр ме? Жо-о-оқ, ендi мұны қысқарту керек, мен үйленедi деген сөздi қойдыру қажет! Оңбағандар!.. Ертең барып, ана Кондрашкин ақымақпен сөйлесуiм керек, ол дәмеленбей-ақ қойсын! Сосын жөнiме тайып тұрам!”
Ертесiне Милкин дачадағын надворный советник Кондрашкиннiң кабинетiне аздап ыңғайсызданып, iшiнен ептеп қорқып кiрдi.
— Петр Петрович! Сәлем! — дедi қожайын оны кеуiлдене қарсы алып. — Тiршiлiк қалай? Тез арада сағынып қалдың ба, а, перiштем? Қы-қы-қы… Настенька кәзiр келедi… Жаңа Гусевтерге бiр минутқа барып келе қояйын деп кеткен…
— Мен, мен… шынымды айтсам, Настасья Кирилловнаға келген жоқпын, — дедi Милкин мiңгiрлеп, қысылғанынан көзiн сүртiп. — Мен сiзге… келдiм. Сiзге бiрдеме айтсам ба деп ем… Мына көзiме қиқым-сиқым түсiп…
— Е, не туралы айтпақсыз? — дедi Кондрашкин көзiн қысып. — Қы-қы-қы… Қарағым, сiз неге соншама қысылып тұрсыз? Осы жiгiттер де қызық! Әсiресе, жастарды қой! Сiздiң не айтқыңыз келiп тұрғаны маған айтпай-ақ белгiлi. Қы-қы-қы… Оның уақыты жеткенiне қаш-ш-а-ан…
— Шынымды айтсам, мен бар ғой… шаруа былай боп тұр… мен… сiзбен қоштасқалы кеп тұрмын… Ертең кетем.
— Сiздiң кетемiңiз не? Сонда қалай? — деп сұрады Кондрашкин екi көзi бақырайып.
— Ол былай… жәй… Ертең кетем, бар болғаны сол. Сiздiң қонақжайлылығыңызға рахмет айтқалы келдiм… сiздiң қыздарыңыз өте әдемi, сұлу… Мен олармен бiрге болған кездерiмдi ұмытпайым…
— Кешiрiңiз-з-з, — дедi Кондрашкин булығып. — Мен сiздiң айтқаныңызды түсiнсем бұйырмасын… Сөз жоқ, кез келген кiсiнiң кетуiне хақысы бар… сiздiң де, сол сияқты, не iстеймiн десеңiз де, еркiңiз бар… бiрақ, сiз, шырағым… құйрығыңызды бұлғаңдатып отырсыз… Бұл дұрыс бола қоймайды.
— Мен…мен…мен бе сонда құйрығын бұлғаңдатып отырған?
— Ендi кiм? Әрине, сiз әзiрге емеурiн бiлдiре қойған жоқсыз, дегенмен де мұның бәрiнiң соңы… неге апарып соқтыратыны белгiлi боп қалған жоқ па едi? Сiз құдайдың құтты күнi бiзде тамақтандыңыз, Настямен қолтықтасып, түнi бойы, өзен жағасында… қыдырдыңыз… Сонда мұның бәрi былай жайшылықпен жасалына салынған ба? Ау, күйеу бала деген күн сайын тамақтанбайтын ба едi? Ал сiз күйеу бала болмасаңыз, сiздi тамақтандырып менiң нем бар? Мәссаған! Бұл ұят емес пе? Қой, сөздi қойыңыз! Кәзiр қызыма сөз айтыңыз, болмаса… мен…
— Настасья Кирилловна өте әдемi, сұлу… жақсы қыз… Мен оны сыйлаймын, кәдiрлеймiн… одан артық әйелдi табудың өзi… былай… қиын да… бiрақ бiздiң сөзiмiз жараспай қойды.
— Өй, со да сөз бе екен? — дедi Кондрашкин күлiмсiреп. — Тек қана сол үшiн бе? Қарағым-ау, күйеуiмен сөзi бiрден жараса қалған әйелдi көрген кiсi бар ма өзi? Әй, жастар-ай, жастар-ай! Әлi де шiп-шикiсiңдер! Әлдекiмдердiң әзәзiлдiкпен айтқан сөздерiне, ережесымақтарына елiгiп… былай… әуейiленiп дегендей… былай… қы-қы-қы… адамның ашуы келедi өзi… Сөзiмiз жараса қоймады деген де әңгiме ме екен? Әуелi бiрге тұрып көрiңдер, сосын адам бiрiне үйренiп, көндiгiп, анау-мынау бiлiнбей кетедi… Ау, жаңа салынған көпiрден кiсi бiрден шауып өте шыға ма екен? Әуелi ақылды адам оның оң жағынан бiр, бұ жағынан бiр ақырындап өтiп дегендей… байқап көрмес пе… содан кейiн, маған кел!
— Ендi… ол дұрыс қой… бiрақ, шынымды айтсам, мен деген Настасья Кирилловнаның теңi емеспiн.
— Қайдағы теңi емеспiн? Нағыз теңiсiз! Мұның бәрi бос сөз! Сiз деген тамаша жiгiтсiз!
— Сiз бүй деп… менiң кемшiлiктерiмдi бiлмегесiн айтып отырсыз. Мен деген… тақыр кедеймiн ғой…
— Со да сөз бе?! Құдайға шүкiр, айлық аласыз…
— Мен… ойбай-ау, маскүнеммiн ғой…
— Өй, сiз де бiр! Қайдағы маскүнем? Мен сiздiң мас болғаныңызды бiр рет көргем жоқ! — дедi Кондрашкин қолын сiлтеп. — Ау, iшпесе, жастың несi жас? Баяғыда, жастау кезiмiзде бiз де былай… шалықтағанбыз… Онсыз өзi… қызық та емес қой…
— Ойбай-еу, мен бiр iшсем, түбiн түсiре iшем ғой. Ол өзi… тұқымымызда бар нәрсе…
— Қой, қайдағыны соқпаңыз! Оған сенетiн мен жоқ! Жап-жақсы жiгiтсiз… түбiн түсiре iшем дейсiз…
“Мына шайтанды алдап соғу қиын-ау, — дедi Милкин сол арада. — Оның қызын маған өткiзiп жiбергiсi келiп-ақ тұр!”
— Ол өз алдына, — дедi ол даусын шығара сөйлеп, — менiң одан басқа да кемшiлiгiм басымнан асады. Мен бар ғой, мен… былай… парақормын… пара алам…
— Қарағым-ау, кәзiр кiм пара алмайды? Қы-қы-қы… Со да сөз бе екен?
— Одан тыс, ертең не болатынымды бiлмей тұрып, менiң үйленуге хақым да жоқ… Мен оны сiзге айтпай жүр едiм, ендi ашық айтуға тура келiп тұр… мен бар ғой, мен… ақшаны талан-тараж қылғаным үшiн сотты болған кiсiмiн…
— Сот-т-ты? — дедi де, Кондрашкин сiлейіп қалды. — Ым-ым-ым… мынау қызық екен… Маған мұны бұрын неге айтпадың? Мұндай жағдайда, бiр жағына шықпайынша, әрине, үйленуге болмайды… Сонда сiз қанша ақшаны талан-таражға салдыңыз?
— Бiр жүз қырық төрт мың…
— Ым-ым-ым… көп екен! Шынында да, мұның соңы Сiбiрге жер айдалу ғой… Бүйтiп… қыз баланың басы байланып қалғанының несi жөн? Жар-р-р-айды, не амал бар, алдыңыздан жарылқасын…
Сол арада Милкин уһ деп демiн алып, қолын қалпағына соза бердi…
— Айтпақшы, — дедi осы кезде Кондрашкин көзiн қыса қарап, аздап ойланып ап. — Егер Настенька сiздi жақсы көрсе, онда оның жердiң түбiне де баруына болмай ма? Ау, құрбан болудан қорықса, оның несi махаббат? Оны айтпағанда, Томск губерниясының жерi шұрайлы дегендей. Кәзiр мұнда емес, Сiбiрде тұрғанның өзi жақсы. Кейде со жаққа менiң де барғым кеп кетедi, бiрақ бала-шағаға қарайлай берем. Өй, бұл да сөз емес. Кәне, мәнтәй-шәнтәйды қойып, сөз айтыңыз!
“Өй, мынау бiр адамның iзiнен қалмайтын қутұяқ қой, — дедi Милкин iшiнен. — Мұның мына түрiмен… қызын, алатын болса, шайтанға да бере салғысы бар”.
— Мен әлi… қылмысымның бәрiн айтқан жоқпын… — дедi ол мiңгiрлеп. — Мен талан-тараждан басқа, жалған хұжат та жасағанмын… сол үшiн де…
— Өй, со да сөз бе? Сотталғасын, қылмыстың бiрi не, екеуi не?
— Тiпу!
— Сiз немене соншама қатты түкiрiнесiз?
— Жәй әшейiн… былай… Шынымды айтсам, мен әлi шынымды толық айтқан жоқпын. Ол құпияның бәрiн айтсам… ол соншалықты сұмдық!
— Оның маған керегi де жоқ. Со да сөз боп па?!
— Кирилл Трофимыч, бұл… өзi үйтетiндей… оңай шаруа емес! Егер сiз бар ғой… оны естiсеңiз… тұра қашасыз. Мен бар ғой, мен… каторгадан қашқан адаммын!!!
Мұны естiген бойда Кондрашкин Милкиннiң жанынан жылан шағып ағандай атып кетiп, тас болып сiлейдi де қалды. Екi көзi бақырайып, қатты қорыққан ол үнi шықпай, бiр минуттай қозғалмай, Милкинге қарап тұрды да, ақырында креслоға сылқ етiп отыра кетiп:
— Сұмдық! — дедi ыңырси сөйлеп. — Мен сонда кiмдi бауырыма тартқанмын, а? Ойпырмай, а? Кәнеки, тез кетiңiз! Құдай үшiн, кетiңiз! Ендi сiздi көрсем, көзiм шықсын! Уһ!
Милкин қалпағын алып, iшiнен қуанып, есiкке қарай беттедi…
Осы кезде Кондрашкин оған:
— Өй, тоқтай тұрыңыз, — дедi. — Осыншама қылмыс жасаған болсаңыз, сiздi осы кезге дейiн неге ұстамай жүр, а?
— Мен бар ғой, мен… жалған фамилиямен жүрмiн… Сол себептi менi ұстай қою оңай емес…
— Ендеше бар ғой, сiз өлгенiңiзше дейiн о жалған фалмилиямен жүре берiңiз, оны бiлiп жатқан ешкiм де жоқ қой… Сосын, тұра қалыңыз! Сiз бар ғой кәзiр жасаған қылмысыңызға өкiнген, таза, адал кiсiсiз! Соның өзi жетiп жатыр, кәне, одан да үйленiңiз!
Милкин сасып, қысылғанынан порша-порша боп терлеп қоя бердi… Ендi “каторгадан қашқан” кiсiнiң бар өтiрiгi таусылып бiттi: ендiгi қалғаны — ештеңе де демей, алды-артына қарамай зыта жөнелу! Осыған белiн бекем буған ол қаша жөнелуге оқталып едi, кенет басына бiр ой түсе қап:
— Сiз әлi менi толық бiлiп болған жоқсыз, — дедi мүләйімси ыржиып. — Мен бар ғой, мен… барып тұрған жындымын, ауышпын. Ал ауыш адаммен некелесуге заң жоқ.
— Қой, қайдағыны айтпа! Есi ауысқан кiсi әңгiменi сiз сияқты қисындап, жүйе-жүйесiмен айта алмайды…
— Бұлай деп ойласаңыз, сiз онда ештеменiң де бiлмейтiн боп шықтыңыз. Сiз осы… есi ауысқандардың белгiлi бiр уақытта ғана есi ауысатынын, басқа кезде олардың жәй адамдардан айырмашылығы болмайтынын бiлмейсiз бе?
— Қой, басты қатырма? Тiпте сенбейiм!
— Мен онда… сiзге доғдырдан хұжат әкеп берейiн.
— Хұжа-а-ат? Әрине, мен хұжатқа сенем, ал сiзге сенбеймiн. Сап-сау боп тұрып, ауышпын дейдi!
— Жарайды, онда. Мен сiзге жарты сағататан кейiн әлгi… растайтын хұжатты әкеп берем. Әзiрге сау болыңыз…
Милкин қалпағын ала сап, сыртқа ата жөнелдi. Ол үргiрiп отырып, бес минуттан кейiн досты, доктор Фитюевқа келсе, қас қылғанда, әйелiмен аздап ұрысысып қалған доктор шашын тарап, жөндеп жатыр екен. Милкин iшке кiрген бойда:
— Достым, саған бiр өтiнiшпен келiп тұрмын, — дедi асыға-аптыға сөйлеп. — Бiр қолайсыз шаруа боп тұр… Мен былай… құрулы тұзаққа түсiп қалғалы тұрмын… Содан құтылу үшiн менiң жынды кiсi болуым керек боп тұр… Ана Гамлеттiң жасайтын қулығы бар емес пе, иә, дәл сондай… Сонда ауыш боп көрiнсем, есi ауысқан кiсiнiң үйленуiне болмайды… Сен ендi маған бiр жақсылық жаса, өмiрi ұмытпаймын, менi есi ауысқан деген хұжат жазып бер!
Доктор Милкинге таңғала қарап тұрып:
— Сенiң немене сонда… үйленгiң келмей тұр ма? — деп сұрады.
— Иә, дәл солай! Төбеме алтын құйса да, үйленбеймiн!
— Онда мен саған ешқандай да хұжат бере алмаймын, — дедi доктор қайтадан шашын жөндей берiп. — Кәзiр үйленбеймiн деген адам ешқандай да ауыш емес, керiсiнше, ол ең ақылды, ең дана кiсi… Егерде сенiң хұжат алғың келiп бара жатса, онда үйленетiн боп кел. Мен сонда сенi нағыз есi ауысқан кiсi деп растайтын қағаз жазып берем…

1975 жыл

975 қаралды