Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері, Аудармалары

(Чуваш шайыры Рая Яковлевадан)

Қарсы алмадың, кәйтейiн, қарсы алмадың.
Менсiнбедiң. Төс кердiң. Алшаңдадың.
қала бердiм вокзалда байғұс құсап.
Жат болсаң да, не етедi келсең, жаным?
 

Анадайда кезекшi бетке келмей,
күңкiлдейдi шыдамы жетпегендей.
Мен секiлдi ойсызға ол кет дегендей,
бұл жырақта бұған не жоқ дегендей.
 

Перрондағы кәрия да тым ашулы,
бiлер емес жөн-сапар сұрасуды.
Кассирша да есiгiн тарс жапты,
жақтырмаған адамдай мына шуды.
 

Жалғыз қалдым. Тағы да жалғыз қалдым.
Бiреуi едiм мен дағы өр қыздардың.
Қалай көнем мынадай қорлығыңа,
қалай көнем тағдырдың зорлығына?
 

“Көне алмаспын. Көнбеспiн”, — деп күбiрлеп,
тұра бердiм. Жойқын жел соқты гулеп.
Алай-түлей айнала. Iшiм сондай.
Өр көңiлiм бақытты жатты күндеп.
 

Күңгiрт вокзал. Долы түн. Көрсең бәрiн!
Жат болсаң да, не етедi келсең, жаным?!
Таң атқанша перронды жүрдiм шарлап…
қарсы алмадың, кәйтейiн, қарсы алмадың.

677 қаралды