Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Түбiне шыңырау тiрлiк жеткен бе адам…

Түбiне шыңырау тiрлiк жеткен бе адам?
Өмiрдi не ғұлама көп барлаған
түсiнбей тылсымына‚ тiстеп тiлiн‚
кеткен-дi. Осы кету не еткен жаман?!
 

Мен дағы бiр лаж таппай‚ сүйтемiн бе‚
қу тiрлiк қу баспын ба үйiтерiнде?
Санама сарнаған сөз күлше сiңiп‚
заманның болам ба ешек итеңiнде?
 

Сынаптай әлде мәз боп мансап үшiн‚
қор болмақ қу құлқынға қанша күшiм?
Аласын микроскоппен көре алам ба‚
бәндәның отышыша жарсам iшiн?
 

Сiрiдей әлде салып жанды аранға‚
қалам ба қарынбайша қармағанға?
Мiнгенге машина әлде алданам ба‚
зинаның зынданына арбалам ба?
 

Қой‚ ойбай! Әдiл болу — бiр-ақ мақсат:
таба бiл тура кеңес құлаққа шақ;
таңдайын телескоптың тақ еткiзiп‚
тылсымды аш бұ жаһаннан жырақтар сәт.
 

Сонда анық кiмдер — қалық‚ кiмдер — үзiк?
Көкiрек болмақ мәңгi — түрме бұзық.
Мен тапсам мидың бiрақ микробын‚
тiрлiктен кетпей ме ұрпақ шын безiнiп?
 

Онсыз да етпейдi ме тұрмыс қаһар?
Ноқтасын ой мұндайда кiмге ұстатар?
…қылмыс қой тылсымды ашу. Маған бiрақ
осындай ұнайды iстеу қылмыс қатал.
 

1971 жыл

424 қаралды