Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Бозбала шақта‚ жас шақта…

Бозбала шақта‚ жас шақта
бiреудi бауыр‚ дос көрдiм.
Жүрсем де шалғай‚ алшақта
сол үшiн жанды қос бөлдiм.
 

Шарапты шалқып бiрге iшiп‚
көшенi бiрге тоздырдым.
Жолдаспен жақын iлiнiсiп‚
сол үшiн ренжiп‚ көзге ұрдым.
 

Тап-тарғыл талай түндерде
үйреттiм бiлген бiлiмдi.
Арнамай асыл гүлдерге‚
соған деп жаздым жырымды.
 

Доспыз деп жүрдiк бiз анық‚
көңiлдер қайдан қайғы алсын?!
Мықтыдан бiрде қыз алып‚
мықтыға өзi кеп айналсын!
 

Iрiлеу ендi сөздерi‚
жақ ашса‚ өзiн мақтайды.
Өшсе деп тiлеп өзгенi‚
боп алған атақ‚ бақ-қайғы.
 

Айтады не iстеп жүргенiн‚
көтерiп кеуде‚ жарылып.
Баяғы балаң күндерiң
сағымдай бұлдыр‚ бәрi ұмыт.
 

Бей-жаймын содан‚ баяны
тiрлiктiң жоқ-ау дер едiм…
Мазалап ылғи қояды
баяғы жазған өлеңiм.
 

24.01.1971

435 қаралды