Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Ұсталмас тұста ұлтшыл боп…

Ұсталмас тұста ұлтшыл боп‚
қызметтен қызық қуылған.
Сас ниет‚ сасық‚ сықпыр топ
апшымды талай қуырған‚
 

шортанның шошып сесiнен‚
шығына қашқан шабақтай‚
ар-ұят шығып есiнен‚
көрiп өзiн құдды мұзбалақтай‚
 

жиналыс сайын желпiнiп‚
баспақ боп ойлы кеудемдi‚
жаулыққа жаман беркiнiп‚
жөн көрiп өсек серлеудi‚
 

ақыры тапты қапымды‚
тапты да‚ менi қатырды.
«Ұлтшыл» деп қойып атымды‚
қарғады дегдар затымды.
 

Оларды қолдар шоң бастық
ошаған сынды түксиген‚
тап-тарғыл бетiн оңбас қып
тыжыртып‚ қыжыл-құрт сүйген
 

кiсiше сөйлеп ыңыранып‚
бәле қып таңып болмасты‚
қабағын тарғыл түйiп алып‚
құртпақшы болып‚ мөр басты.
 

Сонда олар мұның ақырын
бүгiндерi ойлап отыр ма?
Тарғыл бет‚ бақабас пақырың
түбiр ме құж-құж‚ қоқым ба?
 

Кәпiрге ол әлде жағынып‚
шен-шекпен‚ абырай алмақшы?
Басына жаулық сағынып‚
ру басы болып қалмақшы?
 

Жиып әлде жұрттың аярын
көсем боп жүрмек көлбеңдеп?
Одан да қотанаяғын
алмас па әбден ол жөндеп?
 

Қалайша одан мен бұғам‚
жауса да пәле нөсерi?
Шодырайған шартық шерлi хан
болмақ па Кеңес көсемi?
 

Кiм бiлген мұның ақырын‚
«ұлтшыл» деп көп ел дүрлiктi.
Бұқырайған бақа пақырың
болып тұр кәзiр бiр мықты.
 

Ондайлар жұртты жорта алдар
ертең де… танбас қожаңнан.
Ұлтынан безсiн шортандар‚ —
ұлтымнан бәрi бiр безе алман.
 

Сол менiң нәсiл‚ талайым‚
сол үшiн шайқас‚ тайталас.
қудала‚ қорла‚ ағайын‚—
болса аман‚ жеттi‚ алты алаш…
 

02.02.1970

703 қаралды