Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Сондағы айтқан сөзiңдi…

Сондағы айтқан сөзiңдi,
ұмыту, сiрә, мүмкiн бе?
Баяғы балаң сезiмдi
тәрк етiп кеттiң бiр түнде.
 

Ол аздай, үнсiз жымиып,
жанымды тiлiп өттiң сен.
Адамдай тапқан жерұйық,
кекiрейiп, кердең кеттiң сен.
 

Кәйтейiн, кесе жолыңа
тұрардай тiпте жоқ шамам.
Кеулiмнiң көлiн, сорыма,
басып та кеттi шөп-шалам.
 

Қоқысты сол бiр жинақтап,
лақтыратын сәтiм тым алыс.
Аңсасам жырды ырғақты-ақ,
қарамай қойса жүдә қыз,
 

амал жоқ, аусар, ақымақтай
шарапханаға жүгiрем.
Күлiп те, мас боп, шатынап та,
пәниден жалған түңiлем.
 

Түңiлем дағы, заманды
опасыз екен деймiн бiр.
Отырам үнсiз қашанғы
алдар, деп, бiздi кей бұлбұл.
 

1970 жыл

758 қаралды