Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Талайдан таңдап тапқан жарым едiң…

Талайдан таңдап тапқан жарым едiң,
кеуiлдiң бiр көрiктi жалыны едiң.
Қызығын жастық шақтың бiрге көрген,
жолдасым, жанымдасың әлi менiң.
 

Қиналған, қапаланған сәттерiмде,
қалғанда кiрбең түсiп ақ кеуiлге,
ұйықтатып, мазалар деп балаларды,
оралттың қайта қанттай тәттi өмiрге.
 

Сақтадың талай рет, күйретпедiң,
ашуға ақылыңды билетпедiң.
Қарауды келешекке көп үйреттi,
қажырға қиын кезде үйреткенiң.
 

Даңғылға айналмады жолым бiрақ,
аңқау ем, сезбей қойдым кеуiлдi жат.
Сыңайы замананың терiс айналды,
тұра алдым қалар кезде не бiр құлап.
 

Сондайда жебедiң де құлатпадың,
қиялдың сөндiрмедiң шырақтарын.
Дарақтың тiлеп қайта гүл атқанын,
мейрiмнiң сарқылтпадың бұлақтарын.
 

Мен, бәлкiм, ақтамай бұл үмiтiңдi,
қалармын көтере де алмай ұлы туды.
Аңсаймын жақсы сөзбен тым болмаса
бiреудiң көкiрегiн жылытуды.
 

Мақсат қып соны жастай алып едiм,
бұ жолда талай шығар әбiгерiм.
Су сепкен қанатымен қарлығашша,
жолдасым, жанымдасың әлi менiң…
 

1970 жыл

743 қаралды