Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Әдiлдiк жайын айтам деп…

Әдiлдiк жайын айтам деп
әкiмнен қатал қамшы алдым.
Бiлмедi оны бейқам көп‚ —
басыма түстi сарсаң күн.
 

Есiрдi ессiз ұрыншақ тай
дедi ме‚ туды дау нағыз.
Боран боп соққан бұршақтай
жоғарғы жаққа жауды арыз.
 

Күнбе-күн талай дәу кеңсе
қабарып күттi өзiмдi.
Тергедi ол некес даугерше‚
тоздырды қажап төзiмдi.
 

Шығым ем содан‚ бiр шартық
бiр парақ қағаз ұсынды.
Жазуым керек жұмсартып
егеспен еткен iсiмдi!
 

Ендi оны бола бергенде‚
бiр iрi жеттi iсiнiп.
Жаным-ау‚ тағы көп жерге
жазуым керек түсiнiк!
 

Одан да өттiм амалдап‚
көрмеспiн‚ дедiм‚ кәпiрдi.
қойды екен кiмдер хабарлап‚ —
бастығым кенет шақырды.
 

Одан да шықтым сомпиып‚
шыққаным бүйтiп құрысын!
Достар да қапты тортиып‚
бiлмейдi бiрақ кiм үшiн?
 

Басар тау‚ барар жер қалмай‚
қайтып ем кешке үй жаққа‚ —
барлығы аздау болғандай
жабысты бiр ит сираққа.
 

Күйiндiм‚ мiндiм кәрiме‚
келдiм де‚ сәтте қас қағым
кiнәлi мұның бәрiне
тiлiмдi кесiп тастадым…
 

11.07.1970

694 қаралды