Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Қызметтен шаршап қайтқанда…

Қызметтен шаршап қайтқанда‚
алдымнан шығып үш балам‚
құлақ аспастан айтқанға‚
әкесiн пәрпел ұстаған
көрмеген жандай жыл бойы
мойыныма мiнiп жатады.
Қажыған денем күн бойы
шиыршық қайта атады.
 

Келгесiн үйге тентектер
бастайды айғай-сүрендi.
Бiреуi айтшы ертек дер‚
бiреуi шашып құм ендi‚
 

бiреуi бер дер жап-жаңа
кiтапты сатып әкелген.
Базардай болып айнала‚
толады шуға пәтер кең.
 

Аздан соң миым ашиды‚
тәртiпке дереу саламын.
Барлығы бiрден жасиды‚
кiнәлай түйiп қабағын.
 

Ыңғайсыз сол сәт бiр түрлi‚
сыр бермей бiраз көремiн.
Десеңшi қандай сүйкiмдi
өкпесi перiштелердiң!
 

Амал жоқ‚ ақыры жадырап‚
доғарам қатал жазамды.
Қозыдай бәрi жамырап‚
бастайды қайта базарды.
 

Сол базар үйдiң ажарын
келтiрер сәнiн‚ бiлгенге.
Отбасы деген, қазағым‚
пайда ғып сыртта жүргенде
 

шаңырағың деген шайқалмас.
Жөнiң жоқ одан көшкендей.
Бүгiнгi азған шайтан жас
бiрақ та соны хош көрмей‚
қосылып қайта‚ ажырасып‚
баласыз қубас жүргенi.
Отырар сәт жоқ мажырасып‚
түргесiн қуға iргенi…
 

Көргенде соны, шайтаның
жолама деумен жау мәңгi‚
шүкiрлiк iштей айтамын‚
айтамын iштей тәубәмды…
 

1969 жыл

1 852 қаралды