Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Үн-түнсiз сипап едiм шашыңды мен…

Үн-түнсiз сипап едiм шашыңды мен, —
алдымнан бiр дүния ашылды кең.
Жаутаңдап, жанабыңа жоламадым,
жазы боп, жайылмастай жасыл кiлем.
 

Шынында, мендей аңқау бар ма бөтен,
мен ылғи қиял қуып алға кетем.
Сол сәтте… сабыр айлап, қалдым тұрып,
сол сәттi әлге дейiн арман етем.
 

Сен сонда не шаруаға да шыдағандай,
демiңдi дiрiлдеген бiрақ алмай,
киiктiң ылағынша ырғып түсiп,
қарадың маған… iштен сынағандай.
 

Жәннәтқа баратындай жаным бүгiн,
алқындым, абдырадым, абыржыдым.
Бата алмай бұлтиғынды бiр сипауға,
көрсеттiм қалпын қасқа сабырлының.
 

Шынында, сынайтын сәт бұл жiгiттi?
Демей ме ел сабырымды тым күдiктi?
Бiр кешi “Мың бiр түннiң” өттi осылай,
дұрыс па, бұрыс па оным… кiм бiлiптi?
 

1964 жыл

1 818 қаралды