Бас бет » Мақалалары

Шахановтың шантажы

Мен М.Шахановты “шаршамайтын шантажшы” деген сөздi көптен берi естiп жүрген кiсiмiн, бiр рет оған куә де болғанмын. Ұмытпасам, 1968-iншi жылдың жазы болуы керек, мен “Лениншiл жас” газетiнiң әдебиет бөлiмiнде қызмет iстеп жүрген едiм. Бiрде мен ұлы композитор Н.Тiлендиевтiң шайыр С.Жиенбаевтың сөзiне жазған әке туралы әнiнiң нотасымен газетте жарияланғанын көрдiм. Соның алдында ғана мен Нұрекеңнiң атынан бiр материал ұйымдастырған болатынмын. Бiрде Шымкенттен майысып (ол кезде ол бүгiнгiдей екi иығын жұлып жеп жүрмейтiн-дi, — Б.А.) Шаханов жеттi. Содан аздан соң… “Әкеме” дейтiн әннiң М.Шаханов жазған текстiн өзгертудiң не қажетi бар екен” т.б. деп Нұрғисаны айыптаған, М.Шаханов ұйымдастырып, сонау Шымкенттен алып келген “еңбекшi хаты” жарық көрдi. Мен жарияланған әннiң нотасын қарап едiм, — бұл мүлдем басқа ән екен! Сол жайлы бастығым жазушы Еркiнбай Әкiмқұловқа айтып болам дегенше, редакцияға Нұрғиса мен Сағи жеттi, олар Ерекеңмен сөйлескен соң, үшеу боп басшыға кiрiп кеттi. Сол арада бiр шатақтың басталғалы тұрғанын сезген меншiктi тiлшi М.Шаханов… редакцияға қарасын да көрсетпей, сонау Ш-ы-м-к-е-н-т-т-е-н… бiр-ақ шықты! Бұл менiң өз көзiммен көрген жағдайым. Мен одан кейiн де М.Шахановтың не бiр “шатақ шаруалары” жөнiнде естiп жүрдiм, бiрақ өзiме қатысы болмағасын, оған назар да аударған жоқпын. Ендi, мiне, араға пәленбай жыл салып, ол ұйымдастырған “шатақ бiр шаруаның” анық куәсi боп отырмын. Оған себеп болған менiң М.Шахановтың өлеңдерi туралы жазылған сын мақалам едi (“Жұлдыз” журналы, № 2, 2003 ж.). Мен онда М.Шахановтың өлеңдерiне тән негiзгi қадау-қадау кемшiлiктердiң басын ашып көрсеткенмiн. Сол екен, қолында билiгi мен баспасөз орны бар М.Шаханов маған қарсы сауатты түрде пiкiр айтудың орнына, неше түрлi айла-шарғы жасай бастады. Ол менiң мақалама қарсы айтар уәжi жоқтықтан, менiң “Жұлдызда” жарияланған “Шұбар күн” атты дастанымның (“Жұлдыз”, №4, 2003 ж.) кiрiспе, қыстырма тарауындағы бар-жоғы 30-дай жолды контекстен үзiп-жұлқып бөлiп ап, мағынаны өз қалуынша әбден бұрмалап, менi оқушы жұртшылыққа әбден жексұрын етiп көрсетуге тырысты. Онда да ол өзi жазған мақаланы Ж.Құлиев дейтiн бiреудiң атынан, өзi кезiнде қызмет жағынан көтермелеп, “Жалын” журналына бастық қып кеткен, М.Құлкенов басқаратын “Ана тiлi” газетiнде жариялатып, қызық шантаж жасай бастады. Ол “Махамбетке арналған мипалау (?) дастан” атты осы мақаласында (“Ана тiлi”, 24.04.2003 ж.) дастанның соңында көрсетiлген “1972 жыл. 2002 жыл.” деген датаның соңғысын әдейi алып тастап, “1972 жылы Саин көшесiнде жезөкшелер жүргенiн кiм көрiптi?” — деп маған көпе-көрiнеу жала жапты. Одан тыс, осы боқтыққа, балағатқа толы осы мақаласымақта ол менi “бәтшағар”, “әумесер”, “Айтматовтың ата жауы”, “сайқымазақ анекдотты жазған”, “солақай мақалалардың” авторы, “Махамбеттi тапал адам етiп суреттегiсi келедi де оңбай алжасады”, т.б. деп менiң жеке басыма тiл тиiгiзiп, ар-намысымды қорлады. Сондағы оның сөз етiп отырғаны антрополог Сарманның Махамбеттiң бас сүйегiнен мүсiн соғатыны туралы (шын мәнiнде, сондай мүсiндi антрополог Н.Шаяхметов соққан-ды, мен ол жөнiнде “Лениншiл жаста“ 1967 жылы арнайы мақала да жазғанмын. М.Шаханов ол туралы бiлмейтiн тәрiздi, ол мүсiншi Сарманды “әумесер” деп тiлдейдi, — Б.А.) жазылған бар-жоғы 20-30 жолдай тарау ғана!? Ал 3500 жолдай негiзгi дастан жөнiнде бiр ауыз да сөз жоқ! Бұл жерде оның көздеп отырғаны маған белгiлi едi. Ол әлгi мақаласында бiр оқпен екi қоянды атып алғысы кеп, “Жұлдыз” журналының бас редакторы, халық жазушысы М.Мағауиндi менiмен қоса сояды. Онда: “Мағауин өзiнiң “Ешкi жетектеген екеу” атты Айтматов пен Шахановты iреп сойған 30 беттiк мақаласында”, “Мағауин әлгi сайқымазақ анекдотты оқымаған”, “Б.Алдамжаровтың Шахановтың шығармаларын талдауына, шабақтап, быт-шыт қылуына жол болсын”, — т.б. деп жазады. Осы жерде ол әлгi мақаланы өзiнiң жазғанын жасыру үшiн оны “Ана тiлi” газетiнiң қызметкерi, бұрын әдебиет туралы ештеңе жазбаған Ж.Құлиевтiң атынан жариялап кеп жiбередi! Мақала жарық көрген күннiң ертеңiне-ақ Ж.Құлиев “Заң” газетiнiң” редакциясына барып, бұл мақаланы өзiнiң жазбағандығын, М.Шахановтың мұның сыртынан қол қойып жiбергендiгiн толы жұрттың көзiнше ашық айтады. Ол жөнiнде сол арада болған, Ж.Құлиевтың өз аузымен айтқанын естiген дарынды шайырлар А.Әлiмұлы мен Ш.Алжанбай “Ж.Құлиев бiр топ кiсiнiң көзiнше: “Ол мақаланы мен жазған жоқпын, оны жазған… басқа бiреу. “Ана тiлiнiң” басшылығы менiң сыртымнан қол қойып жiберiптi”, — деп ашық жазған да едi (“Жұлдыз”, 2, 2004 ж.). Бұған қарсы Ж.Құлиев әлге дейiн жұмған аузын ашқан жоқ. Мен мұны оның мойындағаны деп бiлсем де, шындықты аша түсейiн деп осы жылғы наурыздың 17-сi күнi Ж.Құлиевтiң үстiнен Әуезов ауданының сотына талап-арыз бердiм. Сол екен, тағы да М.Шахановтың сыбырлауымен, бiр шантаж басталды да кеттi ! “Ана тiлi” газетiнiң бас редакторы М.Құлкенов (?) аудан сотына: “Ж.Құлиев наурыз айының 29-ынан бастап Маңғыстау, Атырау облыстарына баспасөз мәселелерiн ұйымдастыру шараларымен 15 күндiк iссапарға кетуiне байланысты аталған талап арыз бойынша қозғалған азаматтық iстiң қаралуын сәуiрдiң 20-сына дейiн тоқтата тұруды өтiнемiн”, — деп жалған қатынас қағаз жазды. Мен соттың шақыру қағазын наурыздың 29-ы күнi өз қолыммен тапсырғанда, Ж.Құлиев жұмысында болатын. Ол сәуiр айының 1-i күнi менен кешiрiм сұрап, “Жұлдыз” журналының редакциясына келдi. Оған бүкiл жұртшылық куә. Осы кезде оны редакцияның коридорында көрiп қалған М.Мағауин оған шайыр Ж.Нәжiмеденовтiң асында өзiнен iзiнен қалмай жүрiп, ол өзiнiң мақаланы жазбағандығын, оны Шахановтың жазғандығын айтып кешiрiм сұрағаны қайда дегенде, Ж.Құлиев ештеңе дей алмады. Ол бар болғаны: “Кешiрiңiз, кешiрiңiз”, — дей бердi. Сол сұрақты мен Т.Сәукетаев, С. Хасан мен Т.Әсемқұловтың көзiнше ашық қойғанымда, ол күмiлжiп: “Өйтсем, жұмыстан қуып жiбередi үой, одан да газет бетiнде кешiрiм сұрайын”, — дедi. Содан… ертеңiне Ж.Құлиев әлгi сөзiнен танып кеттi. Ол содан М.Құлкенов сотты алдағандай, ешқайда да аттап аяқ басқан жоқ, — жұмысында болды. Мен сол екi арада оның қатты сырқат екенiн, бiр заманда орнынан қозғала алмай, 5-6 жыл бойы сал болып төсек тартып жатқанын, оның осы жақында ғана тәуiр боп, жұмысқа араласа бастағанын, бiрнеше баласы барлығын естiдiм. Содан кейiн менiң соттағы iстi ерiксiз тоқтатуыма тура келдi. Оның үстiне менiмен алғашқы кездескен бетте-ақ Әуезов ауданының соты Жұмабек Қалиев Жұмабай Құлиевты қолдайтынын көрсетiп, менiмен жүре сөйлескен болатын. Содан кейiн мен “әдiлеттi сотқа” қолды бiр сiлтегенмiн. Тек бұл арада менiң дiмкәс Ж.Құлиевқа емес, оны қызмет бабын пайдаланып, сыртынан мақалаға қол қойып жiберген М.Құлкенов пен шантажшы Шахановқа қарным ашты.
Осы екi арада Шахановқа арқа сүйейтiн М.Құлкенов марқұм боп кеткен бiр жорналшының Л.Асанова туралы жалаға толы мақаласын өз газетiнде жариялап кеп жiбердi! Содан сот басталды да кеттi. Өзi сүйреп, көтерiп жүрген шәкiртiн жауға бермейтiн М.Шаханов осы арада да тағы бiр “атпен жүрiс жасап”, М.Құлкеновтi қорғап қалу үшiн Л.Асанованы “қолдап“ мақала жазып, тағы да қызық бiр шантажды бастады. Бұған дейiн дәл осындай шантажды М.Шаханов М.Мағауинге қарсы жасаған да болатын. Қырғызстанда елшi боп қарық қылмаған ол ендi орнынан босайтынын бiлiп, “Жұлдыздың” бас редакторлығын алғысы кеп, Шыңғыс хан туралы қайдағы бiр өнбейтiн қысыр дауды қоздырып, оған атақты Ш.Айтматовты араластырып, Қазақстанда “шыңғысханшылдардың ұйымы бар, оған шетел ақша төлейдi екен, олар Елбасының орнын тартып алуға әрекет қып жүр, қазақтағы төрелердiң арғы тегi маңғұл”, — т.б. деп баспасөзде өзiне тән бiр қиғылықты сала бастады. Ол арада көп ұзатпай “Ана тiлi” газетiнде “Мағауиннiң дүмше тарихшылығы” деген жеке басқа тiл тигiзетiн, Мағауиннiң ар-намысын қорлайтын мақала да шығарды. Бұған, әрине, М.Мағауин қарсы шығып, өз дәлелiн айтып, қарсы мақала жазды. Бiрақ оны Шаханов пысқырған да жоқ, — ол ендi Мағауинге тiкелей пасквиль жасап, оны “аямай мазақтады”:

 

Ал Мағауин Темуджиннiң қан қатқан
жез сақалын махаббатпен тарайды…

 

Мағауинше бағымыздың жанғаны…

 

Даңқ (Шахановтың, — Б.А.) жатып алған көлденең…
бұл қазақта Мағауиндi үш орап
кетер “Мен”дер барлығына сенбеген…

 

Шыңғысханды бабам дейдi (Мағауин жайлы, — Б.А.) т.б.

( «Ана тiлi”, 06.06.2002 ж.)

 

М.Шаханов мұндай “шедеврдi” кезiнде “Лениншiл жаста” өзiнiң жазғандарын баспаған, белгiлi жазушы, Қазақстан Мемлекетi сыйлығының лауреаты, марқұм О.Бөкеев туралы да жазып кеп тастады:

 

Алматыдан өкiл келдi, желке шашы бiр қарыс (?),
аты — Оралхан, ал кәсiбi — жазушы әлде журналист.
Бойдақ па өзi? Танакөзден айырмастан жанарын,
әлдененi сүйкеп жатты сусылдатып (?) қаламын, —
(“Жаңа қазақтар”, Алматы, 2000 ж., 143 б.)

 

Сүйтiп ол әлдеқашан қайтыс боп кеткен кiсiден осылайша “кек” алды.
Ол осылайша өлген кiсiлерден кек алу тәсiлiн белгiлi журналшы, философия ғылымының кандидаты Т.Беркiмбаев турасында да ұялмай-қызармай қолдана бередi. Кезiнде, 2001 және 2002 жылдары “Ақиқат” журналының бақандай 16 нөмiрiнде Т.Беркiмбаев Желтоқсан уақиғасы жөнiнде өте байыпты зерттеу мақалалардың сериясын жазған едi. Ол осы ересен оқиғаның атын жамылып, жалған атақ-даңқ шығарып жүрген М.Шаханов туралы: “Желтоқсан уақиғаларынан таяу уақыттарда Шаханов кiм едi? Ол кезде тiптi еш жерде депутат та болмайтын. Желтоқсан оқиғаларымен ешқандай жұмысы да болмайтын”, ( 12.2001 ж.), “Желтоқсан уақиғаларын көру былай тұрсын, ол күндерi Алматының да маңайын көрмей, елден жырақ алыста — Мәскеуде шығармашылық кешiн өткiзудiң қарбалас қамымен жүрген (“Литературная газета”, 20.11.1990 г.), одан Алматыға келген соң да сөз болып отырған екi жарым жыл мерзiм iшiнде (1986-1988-дiң екiншi жартысы, — Б.А.) “желтоқсан құрбандарына жаны ашып”, көз жасын бұламай-ақ, “өзiнiң азаматтық және интернационалистiк тұлғасын танытқан Г.В.Колбин жолдастың үлкен еңбегiн атап өткен жөн” (М.Шахановтың сөзi, “Лениншiл жас”, 1988 жыл, ақпан), сөйтiп Колбиндi тасырта мақтап отырған М.Шахановтың ол 1989 жылы Мәскеуге жұмысқа ауысқанда, ертесiне-ақ 180 градусқа айналып шыға кеп, тасырта жамандағанын ашық жазады. Шындығына келгенде, Желтоқсанда шаруасы жоқ М.Шахановты сол кездерi көтерiп СССР Жоғарғы Советiне депутат қылған да, оның бүкiл карьерасын жасап берген де Колбин мен сол кездегi партияның Орталық Комитетiнiң хатшысы, Шахановты сонау Шымкенттен сүйреп әкелген Ө.Жәнiбеков болатын. 1989 жылдың жазында “Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Президиумы Желтоқсан уақиғаларына байланысты арнайы комиссия құрып, оның төрағалығына Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының мүшесi, белгiлi ақын Қ.Мырзалиевтi бекiткен” едi. Мiне, осы орынды М.Шаханов жоғарыдағы дүмдiлердiң әсерiмен Қ.Мырзалиевтан тартып алған-ды (“Ақиқат”, 05.2001 ж.). Сондағы оның бар бiтiргенi — сол бiр кезде қыршынынан қиылған жастардың бар еңбегiн мансұқтау, ашығын айтсақ, айыптау, жоққа шығару боп шығады. Бұған Т.Беркiмбаев нақты мысалдар келтiредi. М.Шаханов баспасөз бетiнде: “Қазақ жастарының 1986 жылы желтоқсандағы бас көтеруi ешқандай да ұлтшылдық (?) болған жоқ. Ол басқа халықтарға, оның iшiнде орыстарға қарсы бағытталған жоқ”, (“Қазахстанская правда”, 17 дек. 1991 г.), “Оқиғадан кейiн қазақтар мен орыстардың арасына жiк түстi. Ағайын болып араласып жүрген адамдардың өзi бiр бiрiмен сәлемдесуден қалды“, (“Халық кеңесi”, 1993 жыл, 30 қаңтар), т.б. деп сан алуан құбылып жазады. Оған сенсек, 86 жылғы уақиға “ұлтшылдық“ емес екен, бiрақ соған қарамастан, “орыстар мен қазақтардың арасына жiк түсiптi“. Бұл сөз Кеңес өкiметi құлағаннан кейiнгi уақытта айтылып отыр! Сонда бiз Желтоқсанды несiне ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң бiр көрiнiсi деп жүрмiз? Оны неге М.Шаханов басқаша бағалап отыр? Ол уақиға “орыстарға қарсы бағытталмаса”, онда неге “орыстар мен қазақтардың арасына жiк түседi”?
Мiне, М.Шахановты осындай жанды жерден ұстаған Т.Беркiмбаевтың мақалалары 2001 жылы “Ақиқат” журналының 16 нөмiрiнде жарық көрiп жатқанда, М.Шаханов оған қарсы жұмған аузын ашқан да жоқ. Қарсы келтiрер еш дәлелi жоқ ол өйте алмайтын да едi. Тек ол 2002 жылы Т.Беркiнбаев қайтыс болған соң барып, оған неше түрлi жала жауып, оны “құдайдан қорықпайды” деп айыптап, “Т.Беркiмбаев ағамыз (жақында марқұм боп кеттi) менiң де әкемдi танытыпты. Саннан санға созылған, көпшiлiгi өсекке (?) (нақты деректер өсек пе! — Б.А.) құрылған мақалалардың түпкi мағынасы бiреу: Шахановтың Желтоқсан төңiрегiнде ешқандай еңбегi жоқ! Өте дұрыс айтады! Өзiм де ешқашан еңбегiм бар деп кеуде ұрған емеспiн”, — деп жазады. ( “Қазақ әдебиеті”, 01.02.2002 ж.). Мұндағы өрескел нәрсе, — М.Шаханов осы сөзiн Т.Беркiмбаевтың көзi тiрiсiнде неге айтпаған? Ол кiсi о дүниелiк боп кеткеннен кейiн оны қаралауы “құдайдан қорыққандық” па? Сосын Желтоқсан жөнiнде “өзiнiң еңбегi жоқтығын” М.Шаханов шынымен мойындап отыр ма? Әлде бұл көлгiрсу ме? Сонда М.Шахановтың соңғы он шақты жылдың көлемiнде өзiн Желтоқсанның “көсемi”, “батыры”, т.б. ретiнде көрсетуге тырысып жүргендiгi несi? Оған бүкiл ел-жұрт куә емес пе?
Жақында М.Шахановтың “Жас Алашта” ( 03.06. 2004 ж.) өлең жолына түсiрiлген қара дүрсiн “мақалалары” жарық көрдi. Онда М.Шахановтың жазуынша, Қазақстан Жазушылар Одағына мүше 693 кiсi қырт, дарынсыз, халтурщик, т.б., тек оның 7-еуi ғана данышпан! Сонда баяғыда дәуренi өтiп кеткен Д.Бедныйдың дәрежесiнде жүрген ол өзiн осы тiзiмнiң қайсысына қосады екен деп әдеби қауым әлге дейiн айран-асыр боп жүр.

 

Жарайды, бұған да көнейiк. Ендi оның Мәжiлiске халық өз билiгiнiң өкiлi ретiнде өздерi сайлаған құрметтi депуттар туралы мынадай дегенi қалай:

 

Кей қырғыздар (?) депутатты “жепутат” деп атайды…
(Бiздiң мәжiлiсте)
“Жепутаттар” көрсетуде сатқындықтың (?) көкесiн…
(“Жас Алаш”, 03.06.2004 ж.)

 

Шахановтың сөзiне сенсек, Мәжiлiстiң депуттары “жепутат”, яғни бiрдеменi “жеп жүрген” бiреулер екен!? Бұл деген депутаттардың жеке бастарына тiл тигiзудi айтпағанда, Қазақстан Республикасының Конституциясына, жалпы мемлекетiмiздiң бүгiнгi құрылымына, демократия шарттарына, жеке адамның хақына тiл тигiзу, оларды қорлау, мазақтау, балағаттау емес пе? Шаханов, нақты дәлелi болса, әлгi “сатқындықтың көкесiн көрсетiп” жүргендердiң аты-жөнiн неге келтiрмейдi? Ау, бұл деген 37-iншi жылғы “жапондардың шпионы”, “халықаралық империализмнiң жансыздары”, т.б. деп жала жапқан қанқұйлы заманды еске түсiрмей ме? Сонда депутаттар ненi сатып жүр, — халық мүддесiн бе әлде мемлекетiмiздiң құпиясын ба? Соны бiлсе, Шаханов олардың аттарын неге ашық түрде айтпайды? Ол өз алдына. Бүгiндерi депутаттыққа түспекшi боп қам жасап жүрген М.Шахановтың өзiнiң ертең нағыз, шынайы депутат болмай, өзi айтқандай, “жепутат” боп шықпасына кiм кепiл? Ау, ол ондай “депутаттықты” Кеңес заманы кезiнде СССР Жоғарғы Советiнiң депутаты болғанда анық көрсетпеп пе едi? Оны айтпағанда, жиналған ақшасы талан-таражға түскен “Арал қоры”, 1976 жылы Қармақшы аупарткомының бiрiншi хатшысы Е.Көшербаевқа (ол кiсi бүгiнгi елшi Қ.Көшербаевтың әкесi, — Б.А.) қалай, не деп барғаны… т.б. туралы (ол документтер менде бар, — Б.А.) бүгiнде М.Шаханов ел-жұрттың алдында ештемесiн жасырмай жауап бере алар ма екен?

 

Мiне, осындай “шантаждың” көкесiн жасап жүрген М.Шаханов ендi “Жұлдыздан” еткен есекдәмесiнiң iске аспайтынын сезген соң, бiр кезде өзi провинциядан шығатын баспасөздiң дәрежесiне дейiн түсiрiп кеткен “Жалын” журналын қайтадан шығаруды қолға алды. Сүйттi де өзi соған тағы да бас редактор боп шыға келдi. Ол осы қызметке кiрiскен бойда-ақ тағы да маған қарсы шантаж жасай бастады. Бұл жолы ол өзi журналға жауапты хатшы етiп алған, көптен берi жұмыссыз жүрген, әдебиетте аты әлi белгiсiз Қ.Құныпияұлын… пайдаланды! М.Шаханов тағы да өзi жазып, оған қол қойдырып, менiң жеке басыма тiл тигiзген, ар-намысымды қорлаған, әбден балағатқа, боқтыққа толы бiр материалды жариялады (“Жалын” журналы, №1, 2004 ж.). Ол онда менi “әдепсiз”, “арсыз”, “киллер”, “халтураның белгiлi шеберi”, “диуана”, “ақыл-есi кем”, “тасбақа”, “ұятсыз”, “басбұзар” (хулиган), т.б. деп (барлығы 30-дай сөз! — Б.А.) жазықсыздан-жазықсыз сөгiп балағаттады. Мен ендi амалсыздан жалған автор Қ.Құныпияұлын Қазақстан Республикасының Азаматтық iстер жөнiндегi кодексiнiң 951-iншi бабына сәйкес сотқа беруге мәжбүр болдым. Алғашқы бетпе бет кездесуде-ақ Қ.Құныпияұлы әлгi лас мақаланы өзiнiң жазбағандығын, оны Шахановтың өзi жазып, бұған зорлап қол қойдырғанын, “қоймасаң, — жұмыстан шығарам”, — деп қоқан-лоққы көрсеткенiн айтып, түсiнiкхат жазып бердi. Онда Қ.Құныпияұлы өзiнiң көптен берi қызметсiз жүргендiгiн айта кеп: “Бiрде М.Шаханов маған өзi дайындаған бiр материалға қол қой дедi. Оны оқып едiм, ол өте дөрекi, лас тiлмен жазылған екен. Кiсiнiң жеке басына тиетiн сөздер өте көп. Және де мен Б.Алдамжаровтың “Шұбар күн” дейтiн дастанын оқымаған едiм. Соны сылтау ғып, қол қоймауға тырыстым, бiрақ М.Шаханов ондай жағдайда жұмыстан шығарып жiберетiнiн айтқасын, материалдық жағдайымның қиындығынан әлгi материалға амалсыз қол қойдым. Сөйтiп екi арада мен жалған автор боп шыға келдiм. Ал шындығында әлгi материалды (“Жалын”, №1, 2004 ж.) жазған мен емеспiн, оны жазған — М.Шаханов. Менiң бұл жердегi кiнәм — қол қойғаным. Соған ендi өкiнiп отырмын”, — деп ашық жазып бердi. Мен сол арада өтiрiк айта алмай, өзiнiң азамат екенiн көрсеткендiгi үшiн Қ.Құныпияұлы туралы талап арызды соттан қайтып алдым. Кейiнiнен осы жайын естiген М.Шаханов Қ.Құныпияұлын жұмыстан шығарып та жiбердi. Ол бұған дейiн бас-аяғы бес-алты айдың iшiнде өзiнiң айтқанына көнiп, айдауына жүрмеген төрт қызметкердi қызметтен қуған-ды. Ендi оның соңғы кездегi бiр-екi айда жауапты хатшы етiп көтергенi “Қазақ газеттерiнде” менеджер боп iстеген Қ.Бiләлов дейтiн аты белгiсiз бiреу, ал орынбасары Д.Арғынбаев болса — экономист. Олардың да бұл орындарында қашанға дейiн отырарын құдайдың өзi бiлсiн!? Оның үстiне әдеби журналдың басшылығына әдебиетке қатысы жоқ әлдекiмдердi отырғызғанды бұрын-соңды кiм көрген?

 

Ал кiм көрiнгенге көсеу боп қызмет етiп, қолайсыз күн көрiп жүрген Ж.Құлиев болса… оның жалған автор екендiгi жөнiнде куәлердiң көптiгiне қарамастан, әзiрге тырп етер емес. Сонда бұ жерде не деуге болады? Мен мұны оның ар-ұятына тапсырдым…

 

Мен кейiнiнен әдiлетке көз жеткiзбек боп Алматыдағы Медеу ауданының сотына менiң жеке-басыма тiл тигiзген М.Шахановтың үстiнен шағым бердiм. М.Шаханов маған тура жауап қайтарудан жалтарып, менi қаралап көрсетуге тырысып сотқа “Анықтама” хат жазыпты. Сол хатында бүгiндерi тұрпайы социология кезiнде атағы дүрiлдеген Д.Бедныйдың дәрежесiнде жүрген, бiлiмi тайыз, әдебиет туралы түсiнiгi өте қарадүрсiн, шынайы көркемделген поэзияға еш қатысы жоқ, құрғақ үгiт, ұранға негiзделген газет “поэзиясының” айғайшыл өкiлi М.Шаханов жалаға, балағатқа толы екi мақаланың авторы екендiгiн “менiң тапсырмам бойынша” “жазылды”, “мақаланың атын “Әдепсiздiк пен ұятсыздықтың чемпионы деп өзгерттiм” деп өзiнiң осыған басшы болғандығын, соған “жауап беруге әзiрлiгiн” ерiксiз мойындайды. Мен осы оның авторлығын дәлдей түсу үшiн текстология тұрғысынан тексеру жүргiзiп, Ж.Құлиев, Қ.Құныпияұлылардың “мақалалары” мен М.Шахановтың сотқа жазған “Анықтамасын” өзара салыстырып шықтым. Сол жұмыстың кезiнде қандай да автордың болмасын, өзiне тән сөз тiркесi, үйреншiктi сөздерi, ойлау тәсiлi, сөйлемiнiң түрi, интонациясы, т.б. болатынын, оның қулықпен өз атын жасыруға тырысып, бiреудiң атынан қаншама жазуға тырысып, стилизация жасап бақса да, оның өзiне тән қолтаңбасы әр жер-әр жерде ерiксiз көрiнiп тұратынын ескердiм. Мiне, осы тұрғыдан қарастыра келгенде, менiң осы екi мақаланы М.Шахановтың өзiнiң жазғандығына еш күмәнiм қалған жоқ.Ендi соны дәлелдейiн.

 

ҰҚСАС СӨЗДЕР, СӨЗ ТIРКЕСТЕРI МЕН ФРАЗАЛАР:

 

1. Ж.Құлиевта: “бейәдеп дүниелер”…

Қ.Құныпияұлында: “бейәдеп дастанын”…
М.Шахановта: “ бейәдеп сөздер”, 2 бет.

 

2. Ж.Құлиев: “Мағауин өзiнiң… Айтматов пен
Шахановты iреп сойған…”

Қ.Құныпияұлы: “… қалам иелерiн “сойып салуды…”

 

3. Ж.Құлиев: “… адамның жүзi ұялатын оңбаған сөздер”…
Қ.Құныпияұлы: “iшкиiмсiз” жолдар мен тiркестер”…
М.Шаханов: “үстiнде лыпасы жоқ ұятсыз жолдар”…

 

4. Ж.Құлиев: “осы бiр көргенсiз шатпақтарда”…
М.Шаханов: “Б.Алдамжаров мұндай көргенсiздiгiн…”

 

5. Ж.Құлиев: “Есi бар” (?) қаламгер бар қажыр-қайратын шығармасының түйiнiне салмай ма (ол менi есi жоқ деп отыр, — Б.А.).
Қ.Құныпияұлы: “… сыншының ақыл-есiнiң түзулiгiне де күмәндана бастағандай боласың”…

 

6. Ж.Құлиев: “солақай мақалалар…”
Қ.Құныпияұлы: “солақай сын…”

 

7. Қ.Құныпияұлы: “басбұзарлықтың үлгiсiндей…”
М.Шаханов: “басбұзарлығымен көпке әйгiлi” (?)…
“ол мұндай басбұзарлығымен”…
“бұл басбұзарлығын… тоқтатпайтын болса…”

 

8. Қ.Құныпияұлы: “оспадарсыз сынды оқып шыққанда…”
М.Шаханов: “өзiнiң оспадар сынымен…”

 

9. Қ.Құныпияұлы: “белгiлi халтура шеберi…”
М.Шаханов: “өзi халтурщик ақын бола тұра…”

 

10. Қ.Құныпияұлы: “әдепсiздiк пен ұятсыздықтың…”
М.Шаханов: “әдепсiздiк пен ұятсыздықтың…”

 

11. Қ.Құныпияұлы. “әдебиет киллерi”…
М.Шаханов: “әдеби киллер”…

 

12. Қ.Құныпияұлы: “қазақ поэзиясын iске алғысыз етiп
талқандап тастаған”… “қаншама жазушыларымызды… iске алғысыз етiп
тастаған…”
“Б.Алдамжаров түкке алғысыз еткен Мақатаев…”
М.Шаханов: “Мақатаевтың өлеңдерiн iске алғысыз етiп тастады…”
“…талқандаумен қатар…” т.б.

 

13. Ж.Құлиев: “Мағауин… қара есекке терiс мiнгiзiп отырған
Шаханов…”
“Мағауин Айтматов пен Шахановты iреп сойған…”
“Мағауин әлгi сайқымазақ “анекдоттың оқымағаны көрiнiп тұр…”
“Мағауин мырзаға “тәйт” дейтiн бiреу табыла ма жоқ па?”

 

14. М.Шаханов: “Мағауиннiң айдап салуымен…” (?)
“Мағауин… менен және менi қолдаған Айтматовтан
кек қайтару үшiн неден болса да тайынар емес…”
“Мағауин басқарып отырған…”
“Мағауин… бұл басбұзарлығын бұдан әрi тоқтатпайтын болса..” т.б.

 

ҰҚСАС СӨЙЛЕМДЕР:

 

1. Қ.ҚҰНЫПИЯҰЛЫ; “…Алдамжаров түкке алғысыз қылған Мақатаев…
“Қаншама белгiлi, атақты ақындарымыз бен Ш.Айтматов, Ә.Нұрпейiсов секiлдi жазушыларымызды iске алғасыз етiп тастаған Б.Алдамжаров…”
“… автор күллi қазақ поэзиясын iске алғысыз етiп, “талқандап” шыққан…”

М.ШАХАНОВ: “ Ол… Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерiн iске алғысыз етiп тастады…”

 

2. Ж.ҚҰЛИЕВ: “… осы бiр көргенсiз (?) шатпақтарда (?) адамның жүзi ұялатын оңбаған сөздер өрiп жүр”…

Қ.ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: “Бұдан да сорақы “iшкиiмсiз“ жолдар мен тiркестер Алдамжаров дастанында өрiп жүр…”
М. ШАХАНОВ: “… мұндай шектен шыққан (?), үстiнде лыпасы жоқ (?), ұятсыз жолдарды…”

 

3. Ж. ҚҰЛИЕВ: “ Махамбеттi қорлаудың (?), келемештеудiң (?) “классикалық үлгiсi” 5ой мынау…”

Қ. ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: “ Мұны нағыз әдепсiздiк пен ұятсыздықтың (?) “классикасың демеске болмас…”

 

4. Ж. ҚҰЛИЕВ: ““Шұбар күн” дастанының соңына “8 қаңтар 1972 жыл” деп қол қойылыпты. Япырмай, сандықта 31 жыл (?) жатып, аяқ астынан жарқ еткен бұл қандай дастандар болды екен? ”
Қ.ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: “Автор 1972 жылдың 8 қаңтарында бастаған (?) дүмбiлез, бейәдеп (?) дастанын 2002 жылы тәмамдапты. Яғни, осы дүниенi жазуға 30 жыл (?) еңбектенген!” (?).
М. ШАХАНОВ: “Б.Алдамжаровтың бейәдеп сөздерi (?) оның өз шығармаларынан (“Шұбар күн” дастаны туралы айтып отыр, — Б.А.) бастау алғандығын…”

 

5. Қ.ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: “Ақындығы(?) — ұятсыздық пен арсыздықтың (?), сыншылығы (?) — зорлық (?) пен басбұзарлықтың (?) үлгiсiндей (?)”…
М.ШАХАНОВ: “ … ақындығы (?) мен сыншылығы (?) ет пен
терiнiң арасындағы (?) бездей (?)…ң”

 

6. Ж.ҚҰЛИЕВ: “ Алдамжаров Махамбеттi тапал адам етiп суреттегiсi келедi де оңбай алжасады…”
Қ. ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: “ Ұ.Есдәулеттiң … өлеңдер(iн) тура мағынасында қабылдап (?) …тағы да нағыз масқаралыққа ұрына(ды)…”

 

МЕНIҢ МАҚАЛАМДА (“Жұлдыз” журналы, 02.2003 ж.) СЫНАЛҒАН М.ШАХАНОВТЫҢ ӨЗI ТУРАЛЫ

Ж.ҚҰЛИЕВ: “Өзiнiң осы “деңгейiне” қарамай Б.Алдамжаровтың (“Жұлдыздағы” мақаламды айтып отыр, — Б.А.) Шаханов шығармаларын талдауына, шабақтап, быт-шыт қылуына жол болсын!”
Қ.ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: “Өзi қызмет iстейтiн журналда жарияланған тағы бiр сын мақаласында Б.Алдамжаров (М.Шахановты быт-шыт т.б. қылды дейдi, — Б.А.)…
М.ШАХАНОВ: “Ол ( мен туралы айтып отыр, — Б.А.) өзi қызмет атқаратын “Жұлдыз” журналында (№2.2003 ж.) менiң халық арасында мойындалған (?)… шығармаларымды талдаған болып(!), әртүрлi былапыт сөздермен (!) азаматтық, ақындық намысымды (?) барынша қорлауға (?) тырысқан…”

 

Көрiп отырсыздар ма, үш кiсiнiң сөздерi де, сөз тiркестерi де бiрдей! Олар өзара өте ұқсас! Тiптен фразалар мен сөйлемдердi, олардағы кейбiр бөлек қолданылған сөздерге қарамағанда, бiр-бiрiнен ажыратып ала қоюдың өзi қиын. Бұл сонда тегiннен-тегiн бе? Мақаладағы жазуы, сөз қолданысы, жазу мәнерi түгел, тiршiлiктегi жүрiс-тұрысына дейiн өзара мүлдем ұқсамайтын осы ҮШ АВТОРДЫҢ мен сөз етiп отырған ҮШ МАҚАЛАСЫ неге бiр-бiрiмен өте ұқсас? Әлде олар бiр-бiрiнен көшiрiп алған ба? Неге, не себептен Ж.Құлиев пен М.Шаханов (“Анықтамасында”) менi мен М.Мағауин жайында қосақтай отырып сөз етедi? Неге Ж.Құлиев, Қ.Құныпияұлы мен М.Шахановтың өзi менiң М.Шахановтың шығармалары туралы сынаған мақаламды күстәналап, қаралап бiтедi? Бұл осы Ж.Құлиев пен Қ.Құныпияұлының “мақалаларын” М.Шахановтың өз “Анықтамасында”: “Қ.Құныпияұлы …менiң тапсырмам бойынша қалам сiлтеп”, “… мақаланың атын “Әдепсiздiк пен ұятсыздықтың чемпионың деп өзгерттiм… Ол үшiн жауап беруге әзiрмiн”, — деп сотқа ашық жазғанындай, өтiрiк “заказ” берген боп өзi жазып, қызмет бабын пайдаланып, олардың фамилияларын зорлап қойдырып, жариялап отырғанына бiрден бiр дәлел емес пе? Егер олай болмаса, маған Қ.Құныпияұлы “оны жазған Шахановтың өзi, мен емеспiн” деп неге түсiнiкхат жазып бередi? Неге атақты шайырлар А.Әлiмұлы, Ш.Алжанбайлардың Ж.Құлиевтiң ол мақаланы толы жұрттың көзiнше өзiнiң жазбағандығын, оны жазған Шаханов екендiгiн ашық айтқанына куә болған хатына (“Жұлдыз”, 02.2004 ж.)… Ж.Құлиев әлге дейiн жұмған аузын ашпайды? Ж.Құлиев осы жөнiндегi басқа да куәлердi қайтедi? Әлде оған қаламдастары жала жауып отыр ма? Сосын неге М.Шаханов өзiнiң “Анықтамасында”: “Б.Алдамжаровтың сойқанды iс-әрекеттерiне (?) тойтарыс беру (?) мақсатында республикалық өзге де басылымдармен (?) қатар “Жалын” журналы да 2004 жылғы №1 санында сыни мақала жариялады”, — деп көре көзге өтiрiк бес-алты айдың iшiнде журналда орынбасар, жауапты хатшы болған айтады? Менiң дастанымды өш алу мақсатымен талқандаған мақала М.Шахановтың өзi көтерiп жүрген кiсiсi, жақтасы М.Құлкеновтiң “Ана тiлi” газетiнде ғана жарияланды. Одан басқа бiр де бiр газет-журнал ештеме де жариялаған жоқ. Соны бiле тұра ол неге “басқа да республикалық басылымдар” деп “басылымды” жекеше емес, көпше түрiнде… әдейi бұрмалап айтады? Мұның барлығы М.Шахановтың менiң оның шалағай шығармаларын сынағаным үшiн, М.Мағауиннiң журналдағы өз орнын, қызметiн бермегенi үшiн… өш алайын деп iстеп отырған, ашығын айтсақ, ұйымдастырған қолайсыз iс-әрекетi! М.Шаханов мықты болса, қатты ауру-сырқау, пәленбай жыл бойы паралич боп жатқан, «Ана тiлi” газетiнiң қызметкерi Ж.Құлиев пен бiраз уақыт бойы жұмыс таба алмай жүрген, өзi “Жалынға” қызметке алған Қ,Құныпияұлдарының аттарынан мақала жариялағанша, неге өзi маған қарсы сауатты, әдеби талас пiкiрi бар мақала жазып жарияламайды? Неге ол “Жалындағы” сол мақаланы өзiм жазбадым дегенi үшiн Қ.Құныпияұлын жұмыстан шығарып жiбередi? Неге М.Шаханов айналдырған бес-алты айдың iшiнде Ж.Кенебайұлы, Э.Төреханов, Қ.Құныпияұлы, М.Ақжiгiтовтердi орындарынан жұлып тастай бередi? Бұл да кадр таңдаудың жаңа тәсiлi ме? Әлде олар М.Шахановтың айдауына жүрмей, айтқанына көнбеген бе? Ау, М.Шахановқа адам тағдыры деген немене ойыншық па? Мұны ел-жұрт көрiп отырған жоқ па? М.Шахановқа мұндай шексiз “абсолюттiк” правоны кiм бердi? Мiне, осы фактыларды келтiре отырып, мен Медеу ауданының сотына жазған талап-арызымда: “Сөйтiп бюджеттiң қаржысына шығатын баспасөз орнын өзiнiң қара басының мүддесiне ғана пайдаланатын, оппоненттерiн “боқтап, сыбап” сала беретiн “кiшкентай диктатор — Пиночет” қазақ баспасөзiнде пайда болды”, — деген едiм. Мiне, осы бiр сөздi iлiп ап, тырнақ астынан кiр iздеп, М.Шаханов сотқа берген “Анықтамасында”: “Президент (Назарбаев туралы айтып отыр, — Б.А.) “Жалын” журналын да, менi де (?) қолдаумен (?) келедi. Егер мен Б.Алдамжаровтың үстiнен қарсы талап-арыз берсем, оның талап-арызындағы менiң жеке басымды қорлаған (?) өзге орамдарын (?) айтпағанда, тек “диктатор “Пиночет” деген сөзiнiң өзi-ақ жеткiлiктi екендiгiн (?) Сiз (сот Сырлыбаевқа айтып отыр, — Б.А.) түсiнерсiз деп ойлаймын”, — деп жұртқа қыр көрсетедi. Бiрiншiден, менiң талап-арызымда М.Шахановтың “жеке басын қорлаған” бiр де бiр сөз жоқ, олар болса, — тауып берсiн! Екiншiден, менiң тырнақшаның iшiне алып жазған “кiшкене диктатор — Пиночет” дегенiм шынымен “қорлау” ма? Ау, Пиночет деген, жақсы болсын, жаман болсын, Чили дейтiн бiр елдiң басшысы емес пе? Алдымен сондай Елдiң басшылығына М.Шаханов жетiп алсын! Үшiншiден, орфографияның заңы бойынша, тырнақшаға алынған сөз тура өз мағынасын бiлдiрмейдi, керiсiнше, оған керi мағынаны бiлдiредi. Демек, мен бұл арада М.Шахановты Пиночет те, кiшкене диктатор да деп отырған жоқпын, керiсiнше, оның өзiнiң айтқанына көнбеген 5 қызметкердi аз ғана уақыт iшiнде қызметтен қуған, қолындағы билiктi өз мүддесi үшiн пайдаланатын бастықтығы жайлы айтып отырмын. Сонда мұның несi оның “жеке-басын қорлағандық” болады? Төртiншiден, М.Шахановтың менi мыңдаған тиражбен шығатын газет-журналда “арсыз”, ұятсыз”, “ақыл-есi кем”, “тасбақа”, “диуана”, “сыншысымақ”, “ұрдажық”, “әдепсiз”, “басбұзар-хулиган”, “көргенсiз”, “халтураның белгiлi шеберi”, “киллер — кiсi өлтiрушi, қанiшер”, “көсемситiн ақын”, “жәдiгөй”,“әумесер”, т.б. (мұндай сөздiң саны өте көп, — Б.А.) жұрттан ұялмай ашық түрде балағаттағанын, сөккенiн, боқтауға шақ қалған жағдайын… не деп түсiнемiз? Осы да баспасөздiң этикасына жата ма? Соттың алғашқы мәжiлiсiнде (27.07.2004 ж.) М.Шахановтың ресми түрдегi сенiмдi өкiлi, оның жаңадан көтерген жауапты хатшысы Қ.Бiләловтың мұндай сөздер баспасөзде бола бередi, онда тұрған ештеме де жоқ, бұлар жеке басты қорлау емес дегенi қалай? Бiр қызығы, М.Шаханов та, Қ.Бiләлов те жаңағы мен келтiрген 30-дан астам боқтыққа, балағатқа толы сөздердi жеке басқа тиiсуге, оскорбление емес дейдi. Сонда боқтық сөздер оскорбление болмайды да, менiң “кiшкентай пиночет” деген метафорам нағыз оскорбление болып шыға ма? Бұ не деген сұмдық?!
Жалған атағы мен арзан даңқ-дақпыртына, жоғарғы жақтағы тамыр-таныстарына сүйенетiн М.Шахановтың әдебиетте, жорналнамада т.б. жасап жүрген басқа да қолайсыз қылықтары жетерлiк. Жалпы М.Шаханов өзiн сынаған кiсiнi ұнатпайды, қалайда одан өш алуға тырысады. Жалпы М.Шаханов өз мақсатына жетiп, атақ-даңқын шығару үшiн не нәрседен де, соның iшiнде туған халқына, оның тарихына, т.б. тiл тигiзуден де тайынбайды. Ол Шыңғысхан туралы Ш.Айтматов екеуi қолдан жасаған жалған “дискуссиясында” (“Начнем с понедельника”, 20-26.09. 2002 г.) былай деп “гәпiредi”:

 

“…в последние годы… в Казахстан прибыло огромное количество репатриантов-казахов из Монголии, в большинстве (?) своем воспитанных в духе идолопоклонничества Чингисхану (?)… “…отдельные личности (олардың, — Б.А.), группируясь, создают весьма нездоровую (?) атмосферу в нашем обществе (?)…”
( М.Шахановтың сөзi )

 

Бұдан Ш.Айтматов та қалыспайды:

“Желание же некоторых руководителей (?) постсоветских республик как можно быстрее осуществить политико-правовое оформление суверенитета и независимости своих государств (?) способствовало возникновению (?) псевдоисторических учений (?), в том числе и незаслуженному возвеличиванию (?) отдельных относительно ярких исторических деятелей, но, увы, тиранического склада, до национальных геров…”

 

Бұл жерде кiсi таңғаларлық нәрселер жетерлiк. Бiрiншiден, М.Шахановтың оралмандар туралы оларды “бiздiң қоғамымызды бүлдiрiп жүр”, т.б. деп күдiк келтiргенiне жол болсын? Сонда Шыңғыс ханды идол көрiп, тағзым етiп жүрген олар кiмдер? Әлде олар Моңғолияның “шпиондары” ма? Бұл, жалпы алғанда, қадiрмендi Елбасымыздың халық санын көбейту жөнiнде жүргiзiп отырған iшкi-сыртқы саясатына қарсылық көрсету, (текстке тереңiрек үңiлсек) Қазақстанға моңғол қазақтарын келтiрудiң қажетi жоқ дегендiк емес пе? Екiншiден, Кеңес мемлекетi ыдырғаннан кейiн Совет заманында өзiнiң лайықты бағасын ала алмаған, “ұлтшыл” деп айып тағылған атақты Абылай хан, Кенесары, Наурызбайлар, т.б. тек Қазақстанда ғана (басқа республикаларда ондай жағдай бола қойған жоқ, — Б.А.) жаңа баға алды, Шыңғысша айтсақ, “ұлт қаһармандарының” дәрежесiне көтерiлген оларға ескерткiштер тұрғызылды, көшелердiң аттары берiлдi, т.б. Бұл арада Ш.Айтматовтың (оны толық қолдайтынын М.Шаханов осы сұхбатта ашық айтады, — Б.А.) “незаслуженное возвеличивание отдельных исторических деятелей” деп жақауратып айтып отырғаны — осы Абылай, Кенесарылар, ал “…некоторые руководителей постсоветских республик…” деп сынап отырғаны — бiздiң қадiрмендi Елбасымыз және оның жүргiзiп отырған саясаты емес пе деген күдiк ерiксiз туындайды. Сұхбаттағы текстке үңiлгенде, солай боп шығады. Үшiншiден, сол кездегi Қырғызстандағы елшi боп қызмет атқарған ресми кiсi М.Шахановтың өз халқымыз, өз Елбасымыздың жүргiзiп отырған iшкi-сыртқы туралы бұлай деп басқа елдiң (Кенесары, Наурызбайды қырғыздардың өлтiрiп, олардың бастарын Петербургтағы патшаға жiбергенiн еске алыңыз, — Б.А.) өкiлiне қосылып “сынауын”… қалай деп түсiнуге болады? Бұл қазақ халқының мүддесiн сату, оны белден басу, нойыс нигилизм, Шахановша айтсақ, нағыз “басбұзарлық” болып шықпай ма?

 

Мұндай “қызық” жәйттер Шахановтың басқа да iс-әрекеттерiнде жиi кездеседi. Мәселен, ол Қырғызстанда Қазақстанның елшiсi боп тұрған кезiнде Ш.Айтматовты бiр есебiн тауып өз уысына түсiрiп (ол туралы аңыз бiтпейтiн бiр хикая! — Б.А.), “Құз басындағы аңшының зары” дейтiн кiтапты онымен бiрiгiп жазып, жұрт көзiнше бiраз абырой алып та қалды. Және де ол мұнысын қыр көрсетуге пайдаланып, жұртқа дөңайбат жасап та болды. Жарайды, ол атақты кiсiмен бiрiгiп, атақ-дәрiп шаша-ақ қойсын, онда менiң шаруам шамалы. Тек менi қатты таңғалдыра беретiнi, — М.Шахановтың осы дүниеде (Ш.Айтматов, шығармаларының жинағы, 6-ншы том, Москва):

 

“Он (Ақаев, — Б.А.) человек высокообразованный, честный, широко эрудированный, со временем из него получится (?) истинный лидер”, “Вообще А.Акаев… фигура масштабная, в которой органично слились воедино талант ученого, политика и незаурядное (?) гражданское качество…” (392-394 б.б.), “… все мои товарищи говорили о высоком интеллекте Президента Узбекистана“, т.б. (387 б.)

 

деп А.Ақаев пен И.Каримовты тасырта мадақтайды.

 

Ендi ол өзiмiздiң бүгiнде дүние жүзi бiлетiн Елбасымыз Н.Назарбаев жөнiнде:

 

“Нурсултан Абишевич является политиком, выросшим (?) и воспитанным (?) в эпоху тоталитарного режима“ ( 379 б.), “Не считая зазорным (?) для президента большой страны, сам иногда берет в руки домбру… со своей супругой Сарой Алпысовной поют дуэтом”(379 б.), “ Он интересуется (?) историей своего народа, старается (?)… ее постичь”, — ( 380 б.)

 

деп оны кемсiте, кейде белгiсiз себептермен күстәналай отырып, немқұрайлы түрде жазады. Бұл жерде менiң таңғалатыным, — сонда А.Ақаев пен И.Каримов Кеңес заманында емес, космоста оқып, тәрбиеленген бе? Ол өз алдына, Елбасының жұбайымен қосылып ән айтқанында тұрған не сөкеттiк, ерсiлiк бар? Қызметтен бос кезiнде кiмнiң қалайша демалам деуiне хақысы бар емес пе? Сосын Елбасымызды “өз халқының тарихына қызығады, оны түсiнуге тырысады” деп оны кемсiте жазуға сол кездегi ресми кiсi (елшi! — Б.А.) М.Шахановқа кiм хақ бердi? Ол керiсiнше басқа республиканың азаматының көзiнше мүлдем басқаша сөйлеуге тиiстi емес пе?

 

Бұл М.Шахановтың көп шантажының бер жағы ғана. Ендi оқушы жұртшылық “қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көредiнi” осы еңбектiң келесi беттерiнде кездестiредi. М.Шаханов осы кiтапта Арал теңiзi жөнiнде Қызылорда қаласында өткен бiр жиналыста сөйлеп, онда Людовик ХIV туралы бiр притча айтқаны жайлы жазады. Содан соң үзiлiс жарияланады. Ол жайында М.Шаханов былай дейдi:

 

“Нас пригласили к обеду, во главе стола сели Колбин с Назарбаевым, заведующий сектором КПСС, первый секретарь Кзыл-Ординского обкома партии Ауельбеков и я… Нурсултан Абишевич, тут же по-русски, повернувшись ко мне (сөйлейдi, — Б.А.): “Мухтар… как понять твои слова насчет короля? Какое это имеет отношение к Аралу? Не Геннадия ли Васильевича ты задеваешь этим примером?
В тот же миг Колбин изменился в лице:
— Э, в самом деле, ты под этим королем не меня вывел? А давеча я что-то не очень вник, — с напряжением спросил он меня.
— Нет-нет, что Вы, я имел в виду вовсе иное… — ответил было я…
Обед продолжался при полном отсутствии у меня аппетита” (381-382 б.б.).

 

Мә, саған керек болса!? Ол сөйтiп бiздiң қадырданы Елбасымызды Колбин мен оның ортасына от тастаған арандатушы, орысша айтсақ, провокатор ғып шығарады!? Бұған ендi не деуге болады?
Мiне, шантаждың осындай көкесiн жасап жүрген, шала сауаттылығына, дипломатия жөнiнде арнаулы бiлiмi жоқтығына қарамастан, кезiнде елшi болған, бүгiнде дырдай бiр журналды басқарып отырған, әдебиетте әлi де жарытып ештеме бiтiрмеген (оны мен мақаламда толық дәлелдегенмiн, — Б.А.), бiрақ өлермендiгiнiң арқасында биiк мiнберлерден бiр түспейтiн, ешқандай тiкелей қатысы болмаса да, кезiнде Арал, Желтоқсан, т.б. деп айқайлап, депутат боп сайланған, қит етсе, “концерт” қойып, өзiн өзi насихаттап бағатын, қазақ әдебиетiндегi Д.Бедныйдың бiр көрiнiсi ғана М.Шахановты ашықтан-ашық сынағанымның соңы осындай үлкен дау-дамайға, шантажға, “әдеби антанта” құруға әкеп соқтырады деп мен еш ойлаған да емес едiм. Бұ жердегi ең қиыны — оның бюджеттiң, жұртшылықтың салыққа деп төлеген ақшасына шығатын “Жалын” журналын өзiнiң жеке басының мүддесiне орай пайдаланып, әдеби қарсыластарынан кек алып, оны боқтап, балағаттап, жала жабуға пайдаланатыны болып отыр. Бұл жағынан алғанда М.Шаханов Гиннестiң атақты кiтабына толық кiруге лайық. Және бiр “қызығы”, — оның үстiнен менiң ар-намысыма тиiп, балағаттаған мақаласы туралы Алматы қаласындағы Медеу ауданының сотына арыз берген кезiмде бiр байқағаным, ол “жазамын”, “президент менi қолдайды”, т.б. деп ол әдiлеттi деп жүрген соттарымызды… қорқытады екен! Тiпте сотқа келуге де ерiнiп, сотқа телефон соғып, дөңайбат та жасаған кезi болды. Содан кейiн мен соттың алғашқы мәжiлiсiнде-ақ Медеу ауданының соты Қ.Сырлыбаевтың, тiпте талқылауға болмайтын, басы ашық нәрсе — “ұятсыз”, “арсыз”, “тасбақа”, “гомосексуалист-бәтшағар”, “ақыл-есi кем”, “диуана”, т.б. деп менi балағаттаған сөздердi, менiң келтiрген нақты дәлелдерiмдi қаперiне алмай, Шахановтың ыңғайында екендiгiн анық көрсетiп, бiр түрлi самсоз боп отыра бергенiн көрiп, менiң әдiлеттi деп жүрген сот жүйесiне күдiгiм қалыңдай түстi. Бiрақ ешбiр сотқа да, арам пиғылды “есепшотқа” да бағынбайтын әдебиетте оны — “ардың iсi” деген ұлағатты сөз бар. Бұл арада шантаж да, неше түрлi “монтаж” да жүре қоймайды. Соған қарамастан, М.Шаханов маған қарсы айла-шарғы, арамза әрекет жасаудан, ар-намысымды қорлап балағаттаудан бiр де танар емес. Оның ақырын көрiп алуға мен дайынмын…

 

2004 жыл

1 915 қаралды